Шардаралықтар тағы да сусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр

0

30 мыңнан аса шардаралық бүгінде тағы да ауыз сусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Себебі Шардара қаласы тұрғындарына тіршілік нәрі су қоймадан тазартылып беріледі екен.

Бүгінде ондағы судың деңгейі күн санап төмендеп барады. 2 жыл бұрын Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін су деңгейі 10 есеге азайып, аймақтағы құбырларға су жетпей қалған. Сол уақытта жергілікті халық суды өздері тасымалдап, кейде қара суды да сатып алуға мәжбүр болған екен.

Шардара қаласының тұрғыны Тоқсанбай Бердібеков қазір су қоймасындағы судың азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Себебі ол екі жыл бұрын сусыз қалған қаланың жағдайын жақсы біледі. Сондықтан ол осы бастан өзекті мәселенің алдын алу керектігін, тіршілік нәрінің тапшылығына таяу уақыт қалғанын айтып, дабыл қағып отыр.

«Қазір өлі нүктеге жақындап қалды, 1 млрд өлі нүктеге. 1 млрд-та 80 болып қалды. Ертең бірер аптада сонда жететін болса, Шардара халқы су ала алмай қалады. Аралдар пайда болып жатыр әр жерден. Ертең төмендейтін болса, тағы бұдан да төмен аралдар пайда болады. Су барынша азайып, лайқа болып кетеді»,-деді Тоқсанбай Бердібеков.

Шардарадағы судың таяздығы қалаға су таратушы мекеменің мамандарын да алаңдатып отыр. Сондықтан олар су көлемі құбырлардан төмен түскен жағдайда шұғыл шараларға көшпек. Себебі судың көлемі азайса, қоймаларға су жиналмай қалады. Сондықтан тіршілік нәрін таситын көліктерді дайындап, ертерек қамданып қойыпты.

«Егер 400-500-ге түскен кезде ішуге жарамсыз болады. Ол кезде иістену, сапасы өте төмендейді. Тура осылай жалғаса берген жағдайда бізде оған су таситын 30 көлік  бар. Ол енді әрқайсысы бес кубтан болғанның өзінде 150 куб суды тасымалдап беруге мүмкіндігіміз бар енді»,-деді «Шардара Сервис» МКК директоры Құрманғазы Акбаров.

Ал суға жауапты «Қазсушар» мекемесінің басшылығы Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метр болса, қазіргі судың көлемі бес есе аз жиналып тұрғанын жеткізді. Яғни, қоймада жалпы 21% пайыз ғана су бар көрінеді. Бірақ мамандар алаңдауға негіз жоқ деп жұртты сабырға шақырып отыр. Себебі олар көрші елдермен келіссөздер жүргізіп, шектік деңгейге жеткізбеудің амалдарын жасап жатқандығын айтады. Яғни, маусымдық кезең бітуіне сәйкес қосымша су қосылады деген болжам бар.

«Алдыңғы жылы келген судың мөлшері 22 метр куб секундына болатын болса, биыл Сырдария өзеніне келетін судың мөлшері 140 куб. Бас-аяғы 160 куб текше метр су келіп жатқан жағдайы бар. Одан бөлек мына жанама өзендер бар. Одан 20 кубтың төңірегінде келіп жатыр. Халықтың бұл жерде қорқатын жағдайы жоқ»,-деді «Қазсушар» МКК ТФ директорының міндетін атқарушы Асқар Қыстаубаев.

Сондай-ақ суға жауаптылар Тәжікстан мен Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне мамандар барып, ортақ келісім жасалғанын жеткізді. Соның нәтижесінде алдағы қыркүйек айында судың мөлшері көбейеді деген болжам жасауда. Өзекті мәселе Су ресурстары комитеті мен Экология министрінің қатаң қадағалауына да алынған. Сондықтан мамандар Шардараның халқы ауыз судан тарықпайды деп сендіріп отыр.


ПІКІР ЖАЗУ