Құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қандай көмек көрсетіледі
АШМ өңірлерде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және кооперация басқармасының басшысы Олжас Тілебалдин Жамбыл облысында құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысында 6 аудан құрғақшылық салдарынан зардап шегіп отыр.
Жамбыл облысында құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қанша көлемде өтемақы төленеді? Қанша шаруа зардап шекті? Қанша субсидия төленді? Қанша төленеді? — деп сұрады журналист спикерден.
Жамбыл облысында құрғақшылық салдарынан және Қырғызстан Республикасынан келетін судың көлемінің аз болуына байланысты шаруалар зардап шекті. Есебімізге сәйкес, 350-ге жуық шаруа, 7,8 мың гектар жер. Ол жердің негізгі көлемін көпжылдық өсімдіктер — жүгері және қант қызылшасы құрайды, — деді ол ОКҚ алаңындағы дөңгелек үстелде.
Өңірлерде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және кооперация басқармасы басшысының сөзінше, бүгінгі таңда шаруалардың жұмсаған шығындарын өтеп беру, кредиттерін одан әрі ұзарту және мемлекет алдындағы бұрынғы берешегін өтеу, яғни субсидияны тезірек төлеу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда тиісті мемлекеттік органдар жұмыс атқарып жатыр. Бұл мәселе Премьер-министрдің назарында, — деді спикер.
Бұл жұмыс күздің соңына дейін аяқталады.
Шығынды өтеу жұмыстарын Жамбыл облысының әкімдігі жүргізетінін айта кетейік.