Түркістан төрінде тіл жанашырларының қатысуымен өңірлік семинар өтті

0

Түркістанда «Мемлекеттік тілді үйрету: әдіс, тәжірибе, инновация» тақырыбында облыстық семинары өтті. Өңірдің тіл жанашырлары жиынына облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан және Астана, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Түркістан облыстарының жоғары оқу орындарының оқытушылары, аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен қазақ тілі оқытушылары, тіл мамандары қатысты.

̶ Облыста 17 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталық бар. Онда 22 әдіскер, 31 қазақ тілі, 17 орыс тілі, 27 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді. Орталық мамандары бүгінде 2230 адамға қазақ тілін, 1192 адамға ағылшын тілін, 926 адамға орыс тілін оқытып, үйретуде. Бүгінгі семинар тілдерді оқытуда жаңа технологияларды қолдануда, оқытушылардың тілдерді оқытудағы әдістемелерін жетілдіру бағытында тиімді бағыт беретін, пайдалы шара болады деп есептеймін, – деді өз сөзінде Асылхан Темірханұлы.

Семинар барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры Бекжігіт Сердәлі модераторлық етіп, «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты» филиалының Түркістан облысы бойынша өкілдік басшысы Жанат Нұрлыбаева «Қазақ тілін меңгертудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері» тақырыбында, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы Бегімжан Айтбаев «Білім беруде жаңа технологияларды қолдану және жасанды интеллект» тақырыбында және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАқ әдістеме LAB бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Искакова «Қазақ тілі сабақтарында оқытудың инновациялық түрлерін қолдану» тақырыбында шеберлік сағатын өтті.

Аталмыш семинар мақсаты – ҚР Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аудан, қаладағы тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру, мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, озық тәжірибені зерделеу және оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын қолданысқа енгізу.

Облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен шараны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырған.


ПІКІР ЖАЗУ