«КОНГРЕСС ХОЛЛ» кешенінде мәдениет қызметкерлеріне жаңа 100 штат ашылды
«Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін хореографиялық 100-ден астам мәдениет қызметкеріне штат берілді. Атап айтқанда, хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі, заманауи бағыттағы әншілер топтары және балалар қуыршақ театрына мамандар қабылдануда.
Өнерпаздарға жаңа мүмкіндік ретінде бос жұмыс орындарына кастинг жарияланып, алғашқы байқау 14 тамыз күні өткізілді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 40-қа жуық түрлі өнер майталманы мен жас мамандар қатысты. Атап айтқанда Петропавл, Қарағанды, Тараз, Алматы, Шымкент, т.б. қалалардан, Қызылорда облысынан, Түркістан облысының аудандарынан өнер мамандары келіп, өз бақтарын сынады.
Байқауда «Конгресс Холл көпсалалы кешені» МКҚК-ның басшылары мен шығармашылық бөлімінің қызметкерлерінің іріктеуінен 27 жас маман іріктеліп алынды.
Қазіргі таңда өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі оркестр жасақталып, би ұжымы іріктеліп жатыр.
Екінші кастингті 5 қыркүйек күні өткізу жоспарлануда. Мамандарды Қазақстанның үздік өнер иелерінен құралған кәсіби комиссия іріктейді. Бүгінгі күнге 25 жуық үміткер өз өтінішін білдірген.