Түркістанда өңір және Қытай тауарларының көрмесі ашылды
Облыс орталығында Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы компанияларының өнімдері ұсынылған бірлескен көрмесі өтіп жатыр. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Қытайдан арнайы келген бірнеше ірі кәсіпорын басшылары қатысты. Аймаққа инвестиция тартып, жергілікті өнімдерді экспортқа шығаруды мақсат еткен іс-шарада жалпы саны 60-қа жуық тауар өндірушінің өнімдері қойылды. Атап айтқанда, киім, аяқ киім, ыдыстар, текстиль өнімдері, электр машиналары, күннен қорғайтын өнімдер, электр скутерлері және Түркістан облысы бойынша тамақ, жиһаз, химия, жеңіл өнеркәсіп өнімдері ұсынылды.
— Бұл көрменің Түркістан облысында өтуінің маңызы жоғары. Оған дәлел ретінде екі елдің көптеген ортақ бастамаларын айтуға болады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту тұрғысынан Қытай Халық Республикасы Түркістан облысының маңызды және сенімді серіктесі болып табылады. Өзара ынтымақтастықтың арқасында екі ел арасындағы тауар айналымы өсті. Түркістан өңірі еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және орасан зор инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға серпін беретін өзара инвестицияны ұлғайту арқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырамын. Тарихи Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан Түркістан облысында қытайлық компаниялардың бастамаларына толық қолдау көрсетіледі, — деді Дархан Амангелдіұлы.
«Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында екіжақты сауда байланысын арттыру мақсатында өткен көрмеде Қытайдың «Илутун» деп аталатын онлайн-платформасы таныстырылды. Илутун — бұл трансшекаралық онлайн көтерме сауда дүкені. Онда барлық тұрмысқа қажетті заттарды тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік бар. Логистика жағынан да жылдам жеткізу тәсілдері қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл платформадан 500-ден аса зауытты тауып, тауарлар жайлы ақпаратты үш тілде (қытай, ағылшын, орыс) алуға болады. Арада делдалдарсыз тікелей зауытпен байланысып, қол жеткізу қарастырылған.
Одан өзге, көрме аясында екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд-тан астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша Индустриалды аймақ және Арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапары кезінде екі елдің, оның ішінде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі, автомобильдер жасау, пластмассадан бұйымдар жасау, робототехника т. б өндірісті дамытуда бірқатар ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген болатын. Бұл кездесулер нәтижесін беріп, жақын күнде Түркістан қаласының Индустриалды аймағындағы дайын өндіріс алаңында (brownfield) қазақ-қытай бірлесуімен шұлық және ерлер костюмін шығаратын зауыт ашылмақ. Мұндай ірі кәсіпорындар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарға алынған.
Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі — әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстан мың шақырым радиуста 70 миллионнан астам адам тұрады. Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономиканы дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.