Түркістан: жеке мектептердегі жұмыс жүйелі болуы қажет

0

Түркістан қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған мектептердің саны 31-ге жетті. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Ендігі кезекте меншік иесіне қарамай барлық мектепте берілетін білім мен тәрбие бірдей болуы қажет. Себебі, олардың барлығында оқып жатқан өз балаларымыз. Бұл туралы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған мектептердің басшыларымен өткен жиналыста айтылды.

Басқосуға Түркістан қалалық Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мен қалалық Полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев қатысты.

Жиналыстың кіріспе сөзін алған Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова бүгінде Түркістан қаласы бойынша білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, оның ішінде жеке мектептердің алатын орны, оларға жүктелетін міндеттерді атап өтті.

Ал, бөлімнің бас маманы Гүлмира Құлбайымбетова «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» тақырыбында сөз қозғап, білім мекемелерінде тәрбие ісін жетілдіру бағытын түсіндірді.

Сонымен қатар, бекітілген бірыңғай мектеп формасымен таныстырды.

Өз кезегінде сөз алған Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы Бауыржан Дәулетханұлы жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, ата-аналармен, жайсыз отбасылармен жұмыс, мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы терең сөз қозғап, балаларымыздың білімімен қатар тәрбиесіне де аса мән беру қажеттігін айтты.

Білім беру әдістемесінде биылғы жаңа оқу жылында орын алған өзгерістер де баршылық. Бұл туралы әдістемелік кабинет меңгерушісі Маржан Жансейтқызы Қорғанбекова жасаған баяндама барысында таныстырды.

Маржан Жансейтқызы 2023-2024 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқаулық хатпен таныстырып, ондағы басты ерекшеліктерді атап өтті. Ал, әдіскер Нұркен Абубакиров Ұлттық бірыңғай білім деректер қоры (НОБД), «Bilim Land» платформасы, «Bilimсlass» электронды журналының жүргізілуі бойынша түсіндірме жұмыстарын жасады.

Жиналысты қорытындылаған Оразкүл Шайхықызы жаңа оқу жылының басталғанын ескере отырып, өскелең ұрпақтың білім сапасын арттыру бағытында бөліммен бірлесе жұмыс жасауға шақырды.


ПІКІР ЖАЗУ