Шымкент: 5 адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты сотталушының заңгері пікір білдірді
Шымкентте 5 адамның өмірін қиған жол көлік оқиғасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Ал тірі қалған жалғыз қыз әлі күнге ауруханада ем алып жүр. Алғашқы сот процесінде, мамандар жәбірленушілердің сөзін тыңдап, оқиға барысын баяндады. Күдікті ретінде 49 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны қамауға алынған. Қайтыс болғандардың туыстары сезіктінің қатаң жазалануын талап етіп отыр.
Шымкентте сәуір айында жантүршігерлік жол апаты болған еді. Оғиғаға кінәлі деп танылған 21 автобус жүргізушісіне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Аталған істі қылмыстық істер бойынша сот судьясы Жанат Мүсірәлі қарайды.
Көлікті қараусыз қалдырған 49 жастағы Хайрулла Юлдашевке қатысты «абайсызда 2 немесе одан да көп адам өліміне алып келген жол-көлік апатын жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, күдікті 5 баланың әкесі. Сот отырысында айыпталушыны қорғау үшін оның заңгері мен қатар бауыры мен әйелі келіпті.
Хайрулла Юлдашев, сотталушы: «Менің 5 балам бар. Shymkent Bus компаниясында жұмыс істедім. Бұған дейін құқық бұзып, сотты болмағам. Шымкент қаласында тұрамын. Қазір айыптау актісімен танысып жатырмын.»
Шулы оқиғаға байланысты істі зерттеуге мамандандырылған прокуратура 5 айдан аса уақыт жұмсады. Бұл аралықта сезікті тергеу изоляторынада болған. Тергеушілер жүргізуші көлікті дұрыс емес орынға қойғанын айтады. Алайда Юлдашевтің туыстары тағылған айыппен келіспей отыр. Олар тек жүргізуші ғана емес, автопарк та жауапқа тартылу керек деп есептейді.
Гүлжамал Жүсіпалиева, сотталушының анасы: «Біз бірнеше рет терезе арқылы сөйлестік. Соңғы айда кездесе де алмадық. Видеодан көрдік. Балам кафеге кіріп кеткенде автобус орнында тұрған. Көремізден де көрсетті ғой 3 минут бойы автобус тұрған. Дәретханаға кіріп шыққанда ғана жүріп кетіп бара жатқанын көріп, артынан жүгірген. Бізді айыптап жатыр. Біз жәбірленушінің бәрінің үйін іздеп жүріп, үйлеріне бардық.»
Айыпталушының адвокаты құқық қорғау органдары дұрыс емес бап бойынша іс қозғағанын айтады. Оның сөзінше күні бойы жолда жүрген көлік қызып кетіп, салдарынан апат орын алған. Оқиға кезінде тізгінде күдіктінің болмағанын айтқан қорғаушы, барлығы автобустың техникалық ақауынан болуы мүмкін дейді.
Бақытжан Сатыбалдиев, сотталушының заңгері: “Техникалық ақауы барын автопарк тексеріп шығару керек қой. Сондықтан да қате бір жақтен емес. Айыпталушы қасақана барып соқпаған. Тіпті ішінде болмаған. Автобус тұрған жерінен өзі қозғалып кетіп тұр. Бұл жерде салғырттық деп қарау керек. Сондықтан бұл іс 345 бабпың 4 бөлігіне келмейді. Осы тарапта прокуратура дұрыс сараламаған деп есептеймін.»
Алайда жәбірленушілер оқиғаға автобус жүргізушісі кінәлі деп есептейді. Сондықтан олар күдіктіге қатаң жаза қолдануды сұрайды.
Әбдірайым Алтынбекұлы, марқұм Айсана Тұрымбетованың ағасы: “Бұл жерде автопарк емес, жүргізуші кінәлі. Тапсырылған істі тиянақты істеу керек қой. Иә, бәріміз де пендеміз, жолға адам өлтірем деп шықпаймыз. Бірақ 5 адамның өмірі қыршын кетті. Екеуі үрімдей мектеп оқушысы. Өзіңіз ойлаңызшы?.”
Айта кетейік, биыл сәуір айында Бәйтереков пен Назарбеков көшелерінің қиылысында адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты орын алған еді.