Сарыағаштық бұрымды чемпион атанды
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты N 17 Ы Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жанабаева Аружан желтоқсанның 9 мен 15-і күндері Астана қаласында өткен 2006-2007, 2008-2009 жылғы жастар мен жасөспірім қыздар арасындағы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысты. Бәсі биік бәсекеде сарыағаштық бұрымды 66 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қарсыластарына дес бермеді. Асығы алшасынан түскен Жанабаева Аружан республикалық чемпионатта чемпион атанып, алтын медаль иегері атанды.
Тыңғылықты дайындық пен табандылығының арқасында Аружан Жанабаева осы спорт түрінен ауданда, облыста, тіпті республикада жоғары нәтижелерді көрсетуде.
Алматы қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов атындағы халықаралық турнирде ІІ-орын алып, күміс медаль иегері атанды;
2021 жылы Дубай қаласында өткен, Азия чемпионатында І-орын иеленді.
2022 жылы Иорданияда өткен Азия ойындарында І-орын алып, чемпион атанған .
Аружанның бапкері, ауданға белгілі боксшы — Ринат Галимов. Ол шәкірті Аружанмен үнемі дайындық жүргізіп, үлкен спортқа жетелеп келеді.
Аружанның бокс қолғабын кигеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда, 10-сынып оқушысы тынбай жаттығып, әлемге әйгілі былғары қолғап шебері атану үшін аянбай тер төгіп, алғашқы нәтижелерін көрсетіп үлгерді.
Жаны нәзік болса да, жұдырығы жуан екендігін көрсетіп, жеңімпаз атанған Аружанның әлі де байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғауына тілекшіміз.