Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллардан асты
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 4 млрд доллардан асты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Статистика агенттігінің мәліметінше, бүгінде Өзбекстан әлемнің 193 елімен сауда-саттық жасайды.
Осы жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 57,3 млрд доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,2%-ға көп. Оның ішінде экспорт 23,2 млрд доллар (өсім 30,6%), ал импорт 34,1 млрд долларды (өсім 23,3%) құрады.
Елдің басты сауда серіктестері көшін әлі де Қытай бастап тұр. Екі ел арасындағы тауар айналымы — 12, 2 млрд доллар (жалпы көлемнің 21,3%).
Екінші орынға Ресей жайғасты. Өзбекстанның бұл мемлекетпен сауда-саттығы 8,8 млрд долларға (жалпы көлемнің 15,5 %) жетті.
Сонымен қатар ең көп тауар айналымы болған елдер үштігін Қазақстан түйіндеп тұр. Яғни, біздің елмен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 4 млрд доллардан (жалпы көлемнің 7%) асты.