АҚШ президентін сайлау қазірден текетіреске айналды

0

Қарашада өтетін АҚШ президентінің сайлауы қазірдің өзінде үлкен текетіреске айналды. Республикалық партияның негізгі кандидаты Доналд Трампқа оңай соқпай тұр. Экс-президентті екі бірдей штат «2021 жылы жақтастарын бүлікке айдап салды» деген айыппен праймеризден шеттетіп тастады. Оған жауап ретінде республикалықтар басым өзге штаттар  демократ Джо Байденнің де жергілікті деңгейде сайлауға қатысуына жол бермейміз деп отыр. «Биыл жыл соңында өтетін президент сайлауының алдында кандидаттар партия ішіндегі іріктеуден өзара бәсекеге түседі. Үміткерлер әр штатта жеткілікті дауыс жинауға тырысады. Бірақ Майн және Колорадо штаттары Дональд Трампты сайлау бюллетенінен сызып тастап, саяси науқанға қатысуын шектеп тастады. Экс президент жақтастарын 2021 жылы қаңтарда Капитолийді басып алуды ұйымдастырды деп кіналап отыр. Конституция бойынша бүлікке қатысы бар лауызымды тұлға билікке келе алмайды».  Ричард Пильдес, конституциялық құқық профессоры: «14-түзету аясында АҚШ-қа, АҚШ Конституциясына ант берген кез келген тұлға кейіннен АҚШ-қа қарсы көтеріліске қатысса федералдық немесе штаттар  деңгейінде қандайда бір лауазымдарды иелене алмайды. Бұл тыйым азамат соғысынан кейінгі қайта құру дәуірінің бір шарты ретінде енгізілді. Яғни бұрынғы бүлікшілерді федералдық немесе штаттардың биліктеріне жолатпас үшін жасалған нақты ереже». «Сот осыдан 156 жыл бұрын конституцияға енгізілген түзетуге сүйеніп шешім шығарған. Мұндай жағдай 250 жылдық  АҚШ тарихында алғаш рет болып тұр. Сондықтан Трамптың сайлауалды штабы штаттардың шешіміне келіспей, Вашингтондағы Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Олар екі штат та саяси көзқарастарына сүйеніп, республикалық партияның басты үміткерін сайлаудан шеттетіп жатыр деп айыптады. Оның үстіне конституция бойынша экс президентке жаза қолдануға ешкімнің құқы жоқ деген бапты алға тартады.» Стивен Сальцбург, Джордж Вашингтон Университеті заң мектебінің өкілі: «Трамптың негізгі аргументі -президент болған кезінде жасаған кез келген әрекеті үшін қылмыстық қудалаудан иммунитеті бар. Бұл бұрынғы президент Ричард Никсонның «президент не істесе де заңсыздық болып саналмайды» деп айтқанын еске салады. Менің ойымша, президенттің іс-әрекеті президент лауазымына байланысты болса онда оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды». «Негізінен демократтар басым екі штаттың Трампты тұқыртуы республикашыл электораттың да белсенділігін оятты. Мәселен, Миссури штаты «егер АҚШ-тың Жоғарғы соты Дональд Трамптың сайлауға қатысу құқығын қалпына келтірмесе, демократ Джо Байденнің жергілікті деңгейдегі праймеризге қатысуына жол бермейміз» — деп ескертті. Әкімшілік ресурстарды пайдаланып өзара тиым салу тартысына түсу АҚШ-тың сайлау жүйесіне үлкен қауіп төндіреді, дейді сарапшылар. Тіпті халық арасындағы саяси алауыздықты ушықтырып жіберуі де мүмкін.  Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті: «Біздің бәріміз сайлаудағы жеңісімізді радикал солшыл демократтардың ұрлап алғанын қаламаймыз, Олардың не істеп жатқандарын көріп тұрсыңдар. Біз ешқашан берілмейміз. Біз ешқашан шегінбейміз. Ұрлыққа жол бермейміз». «Дональд Трампқа қатысты Майн және Колорадоның тыйымын өзге де штаттар пайдалануы мүмкін. Бірнеше күннің ішінде 34 штат экс президентті сайлаудан шеттету үшін сотқа шағым түсірген. Оның он төртінде судьялар талап арызды қолдамай тастаса, қалған жиырмасы нақты шешім шығаруға асықпай отыр. Өйткені АҚШ-тың жоғарғы соты келесі айда ғана Трамп ісіне қатысты ауызша тыңдау өткізеді.  Айжан Сыдықова

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/634989-a-sh-prezidentin-sajlau-azirden-teketireske-ajnaldy


ПІКІР ЖАЗУ