«Қазірдің өзінде электр энергиясы тапшы». Смайылов министрлікке тапсырма берді
Электр энергетикасы – ел экономикасының «тамырына қан жүгіртіп», тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Жалпы ішкі өнімді 2 есеге дейін өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуға тиіс. Қазірдің өзінде біздің елімізде электр энергиясының тапшылығы орын алып отыр. Энергия көздерінің жетіспеуі алдағы уақытта ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені болжам бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады, — дейді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, сол себепті еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс облыстардың газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілмек.
Биыл Екібастұз ГРЭС-1-де бірінші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан Жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда. Олар 2025-2026-шы жылдары аяқталады. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады, — деді ол.
Смайылов 2035 жылға дейін еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030-шы жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі ұсынған Электр энергетикасын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қолдаймыз, — деді Премьер-министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Энергетика министрі 2030 жылға қарай энергия тапшылығы болатынын айтты.