Шымкент: әуежайда заманауи ұшып-қону жолағы салынады
Жаңа әуежай терминалының құрылысы «ЅСАТ» АҚ инвестициялары есебінен іске асырылуда. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс жұмыстарын бақылап қайтты.
Терминалды іске қосу жолаушылар ағынын сағатына 200-ден 2000-ға арттырып, ал өткізу қабілетін жылына 10-12 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ терминалдың ішін 7 аймаққа бөлу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады.
Жаңа жолаушылар терминалы келесі мүмкіндіктерге жол ашады:
– 2000-нан астам жұмыс орнын құру;
– Халықаралық бағыттардағы маршруттық желілерді дамыту;
– Шетелдік әуе тасымалдаушылар мен инвестицияларды тарту;
– Әуе жүк тасымалын дамыту;
– Туристік сервисті дамыту үшін тартымды имидж жасау.
Әуежайды мультимодальды орталық ретінде дамыту стратегиясына сәйкес, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін ангар кешенін салу, әуе кемелеріне жедел жанармай құю үшін отын құю кешенін, қонақ үй кешенін жаңғырту және әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету мақсатында жаңа арнайы техникалар сатып алу жоспарлануда. Бұдан бөлек, перрон және кірме жолдармен жүк терминалын жаңарту, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық пен борттық тамақтандыру цехын ашу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қашықтықтан 3300х60 құрайтын жаңа ұшып-қону жолағын салу жоспарлануда. Бұл әуежайға заманауи ауыр ұшақтарды қабылдауға және ауа райының қолайсыздығына байланысты тұманды кезде ұшақтардың қонуына мүмкіндік береді.
Атқарылған жұмыстарды бақылау барысында қала әкімі 2 аптадан кейін қайта келетінін айтып, мердігер мекеме басшысына әуежайға кіреберіс жолды кепілдік мерзіміне сәйкес кемшіліктерді түзетуге тапсырма берді.
Еске сала кетейік, әуежай құрылысының 2-кезеңі биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі.