Түркістан: Дархан Сатыбалды: «тұрғындар мәселесі заң аясында шешімін табуы тиіс»
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындарды жеке қабылдауы Шардара ауданында жалғасты. Жұмыс сапарымен барған өңір басшысы «Ашық есік күніне» келген азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды.
Бірыңғай қабылдауда тұрғындар ауданның дамуына қатысты ұсыныс-тілектерін жеткізсе, енді бірі жеке мәселелерін айта келген. Шардара ауданы бойынша халық саны ең көп орналасқан Алатау батыр ауылдық округінен заманауи үлгідегі спорт кешенін салуды, Қызылқұм ауылдық округіндегі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуді сұрады. Сонымен қатар тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Келесі сауал балық шаруашылығын қаржыландыру бағытында болды. Жер дауы мәселесі де өзекті болды. Бірі егіндік жер телімін беруді сұраса, енді бірі жайылым жайын айтты. Балалар ойын алаңшасын салып беру, ауыз су тапшылығын шешу, ауданнан перзентхана ашу, сондай-ақ жеке меншікке өтіп кеткен каналдарды мемлекетке қайтару мәселелері көтерілді.
Жалпы қабылдауға құқық қорғау органдарының және жауапты басқарма басшылары қатысты. Мұндай ашық форматтағы жеке қабылдау барлық аудан, қалада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Облыс әкімі әрбір мәселе заң аясында қаралатынын, ұсыныс пен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сондай-ақ оларға түйткілдердің шешілу реті мен заңдылығы түсіндірілді.