Егемен елдің ертеңі – Айбынды жастар!

0

Қорғаныс министрлігінің Ақпараттық десанты Арыс қаласының әскерге шақырылуға дейінгі жастарымен бірқатар әскери-патриоттық іс-шаралар өткізді. Жастар үшін Қазақстанның қазіргі заманғы армиясының түрлі қару-жарақтары ұсынылды, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ғасырлық мерейтойына арналған «Халық жүрегіндегі батыр» көшпелі көрмесіне экскурсия өткізілді.

Бұл іс-шаралардың мақсаты жастарға заманауи әскери жетістіктерді көрсету ғана емес, сонымен қатар Отан қорғаушы мамандығының маңыздылығы туралы айту болды. Кәсіби әскери қызметшілер өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, тыңдаушыларды болашақ Отан қорғаушыға да, кез келген адамға да қажетті моральдық-психологиялық қасиеттермен «қаруландыруға» тырысты.

Жастардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастырудағы патриоттық акцияның маңыздылығын ҚР ҚК Бас штабының тәрбие және идеологиялық жұмыстары департаментінің өкілі подполковник Дәулет Бейсеков те атап өтті. 

— Осындай шаралар арқасында қатысушыларымыз «өз елінің азаматы болу» ұғымының мағынасын жақсы түсіне алды. Іс-шаралар барысында жастарға әскери қызметпен танысуға және практикалық дағдылар алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, оларда патриоттық рух пен азаматтық міндеттер туралы хабардар етті. Бұл елімізді және оның құндылықтарын қорғауға дайын жастар аудиториясын құруға ықпал етеді, — деп атап өтті подполковник Дәулет Бейсеков.

Мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні де болды. Жергілікті мектептер мен оқу орындарының студенттері әскери қызметтің физика, математика, инженерия және т.б. сияқты әртүрлі ғылымдармен қалай байланысты екенін көрді. Бұл оларға әскери саладағы мамандықтардың қаншалықты алуан түрлі және қызықты екеніне көз жеткізуге мүмкіндік берді.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ