Шымкентте 700 мыңнан астам азаматтың жарналарын мемлекет төлеуде

0

Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыруда. Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған тұрғындар саны 700 мыңнан асады. Биыл мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды.

Сақтандыру мәртебесі жеңілдетілген санат түрлеріне — балалар; жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; бала 3 жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі); жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, баланы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар кіреді. Сонымен қатар, ол санаттарға мүгедек баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері; қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар; тергеу изоляторларында ұсталатын адамдар және үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар енгізілген.

Сондай-ақ жеңілдетілген санат түрлеріне: жұмыс істемейтін қандастар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар; мүгедектігі бар адамдар; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, оған қоса, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын адамдар және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті жұмыс істемейтін алушылар кіреді.

Қазіргі таңда Шымкентте тұрғындардың 80 пайыздан астамы МӘМС-пен қамтылған. Жалпы, МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалған. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің – ең төменгі жалақының жаңа мөлшерлемесі бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгерген.


ПІКІР ЖАЗУ