Түркістан: облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады
Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінде жиі жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындар өтініші заң аясында шешімін тауып келеді. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдау өткізді. Келген азаматтар мәселелерін ортаға салып, өздерін алаңдатқан мәселеге шағымданды.
Түркістандық тұрғын мектептерде ыстық тамақ бойынша конкурсқа қатысу жайын сұраса, енді бірі инклюзивті орта қалыптастыру бағытында ұсынысын жеткізді. Ал жастар өздері қызыға тамашалайтын «Жайдарман» ойындарына қолдау көрсетуді өтінді. Шымкент қаласынан жазылған азамат Түркістан қаласында туризм саласын дамыту бойынша ұсыныстарын айтты. Келесі азамат «Мәдени мұраға» қатысты мәселесін айтып, жер телімін рәсімдеуді сұрады. Сондай-ақ негізсіз жұмыстан босатылған тұрғын өз наразылығын білдірді.
Жеке қабылдауға тиісті басқарма өкілдері де қатысып, қордаланған мәселелердің жүйелі шешімін табуға атсалысты. Бейсен Дәулетұлы облыс тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап, заңды шешілу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар тиісті сала мамандарына кейбір мәселелердің заңдылығын қарап, оңтайлы шешімін қарастыруды тапсырды.