Қырғызстанда бүйрек ауыстыру оталары тегін жасалады
ҚЫРҒЫЗСТАН. KAZINFORM — Қырғызстанда бүйрек трансплантациялау оталары тегін жасалады, деп хабарлайды елдің Кабар ақпарат агенттігі.
Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың агенттікке берген сұхбатында айтқанындай, қазір елде 2,5 мыңнан астам азамат гемодиализ алуда, оның 50-і донор тауып, толық медициналық тексеруден өтіп, трансплантацияға дайындалуда.
«Мұндай алғашқы ота сәтті өтті. Екі медициналық бригада күніне 2-3 ота жасай алады. Алла қаласа, бұдан былай өзіміз ота жасайтын боламыз. Құны 7-8 мың доллар гемодиализге түсетін науқастардың бүйрегін ауыстыру отасын мемлекет өтейді», — деді ол.
Садыр Жапаров мемлекет осылайша екі жерден ұтады. Біріншісі – Қырғызстан азаматтарына көмек. Екіншісі – шығындарды үнемдеу.
«Мемлекет жыл сайын гемодиализ алатын әрбір пациентке 14-15 мың доллар жұмсайды. Жыл сайын 2,5 мың адамға 3 млрд-тан астам сом бөлінеді. Донор тапқан науқастарға өзіміз ота жасасақ, шығынды азайта аламыз. Науқас донорды өзі табады, ең бастысы – генетикалық ұқсастық болуы керек. Гемодиализ алатын бір науқасқа жыл сайын жұмсалатын қаражаттың жартысына ота жасау арқылы біз қалғанын үнемдеп, келесі жылдың шығынын толықтай азайта аламыз. Өйткені, егер науқас гемодиализ алуды тоқтатса, мемлекет шығыны да азаяды», — деп түсіндірді Қырғызстан басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Бішкекте Ана мен бала ұлттық орталығының трансплантология бөлімшесі 22 жастағы науқасқа алғаш рет тегін бүйрек алмастыру операциясын жасады.