АҚШ вице-президенті Камала Харрис Джо Байденді алмастыруға дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Камала Харрис дүйсенбі, 12 ақпанда америкалық The Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында қажеттілік туындаса АҚШ президенті қызметін атқаруға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
«Мен қызмет етуге дайынмын. Бұған еш күмән жоқ», — деді ол сайлаушылардың АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденнің жасына қатысты алаңдаушылығына орай түсінік беріп.
Харристің айтуынша, оны жұмыста көрген кез келген адам көшбасшылық қабілетін түсінеді.
Газеттің АҚШ-тың Демократиялық партиясындағы дереккөзіне сілтеме жасап жазуынша, демократтар алдағы президент сайлауында Байденді басқа кандидатпен алмастыру жөнінде сөз қозғап жатқан жоқ.
Бұдан басқа, WSJ атап өткендей, праймеризге қатысу үшін құжат тапсыру мерзімі өтіп кеткен.
Егер 81 жастағы Джо Байден қандай да бір себептермен биылғы сайлаудан бас тартуға шешім қабылдаса, вице-президент Камала Харрис тамыз айында өтетін Демократиялық партияның ұлттық конвенциясында оның орнына келу үшін демократиялық делегаттардың көпшілігінің қолдауына ие болуы керек.
Егер президент құрылтайдан кейін өз кандидатурасын алып тастаса, оның сайлаудағы мұрагерін Демократиялық ұлттық комитет анықтайды, деп хабарлайды WSJ.