Отырар: шаруалар заманауи технологияның тиімділігін көруде

0

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жұмыс сапарымен Қарақоңыр ауыл округіне барды. Іс-сапар барысында алдымен Бестораңғыл ауылындағы «Шәуілдір бас тоспасын» көріп, мамандармен шаруаларға ағын су жеткізу мәселесін талқылады. Аудан басшысы Бадам және Қара аспаннан келетін болжамдық су көлемін бақылауға алып, қажет кезінде шаруаларға су жеткізуді реттеп отыруды жауапты сала мамандарына тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі «Green Farm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруашылығында болып, заманауи технологияның игілігін көрген кәсіпкермен кездесті. Шаруашылық төрағасы Сейітжаппар Ахмет 10 гектар жерге жаңбырлатып суғару техгологиясын қолдану арқылы арпа, бидай еккен. Бүгінде шаруа дайын өнімді жинап алып, орнына мал азығына қажетті түркиялық «Пи» және «Сорго» жоңышқа сортын егіп отыр. Кәсіпкер болашақта егіс көлемін ұлғайтып заманауи әдісті қолдану арқылы қосымша 40 гектар жерге күздік бидай егуді жоспарлап отырғанын айтты.

Шаруашылықтың алдағы жоспарларымен танысқан аудан әкімі кәсіп иесінің жұмысына оң бағасын беріп, қажет болған жағдайда кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Заманауи технологияның көмегімен ағын суды үнемдей отырып егістік алқапты игеруге болатынын өзге де шаруаларға дәріптеп, жаңа әдісті қолдану арқылы мол өнім алуға болатыны жайында кеңінен ақпараттандырудың маңыздылығын атап өтті.


ПІКІР ЖАЗУ