Отбасы құндылықтарын қалай нығайтамыз?
Отбасы еліміздегі негізгі әлеуметтік институт. Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту әрі дамыту бүгінде мемлекетіміздің өзекті бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін» айрықша атап өткен болатын. Осының өзі мемлекетіміздің отбасы құндылықтары мен институттарына терең мән беретінін көрсетеді.
Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту жолында әр сала бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Назарларыңызға елімізде отбасы құндылықтарын дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың пікірін ұсынамыз.
Жастарға дұрыс жол көрсету маңызды
Махинур Исраилова, Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Алматы қаласы «Аналар кеңесінің» төрайымы:
— «Аналар кеңесі» атына сай қоғамдағы ұлттық құндылықтарды, ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салады. Ұйымға қаламыздағы 36 этномәдени бірлестіктер кіреді. Біздің кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан жүзеге асырылатын жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан көп ұлтты елдің ынтымағын сақтау, қоғамда ұлттық құндылықтарды нығайту, отбасының беделін арттыру, жастарға тәлім-тәрбиені дәріптеуді жүзеге асырады. Ұлттық құндылықтар, әр ұлттың салты мен мәдениетін сақтау, бірін-бірі құрметтеу, атаулы мейрамдарды атап өту кеңестің атқаратын жұмысының бір тармағы. Алматы қаласындағы «Аналар кеңесінің» басты мақсаты-жастарға тәлім мен өнеге көрсету екенін атап өттім. Осы ретте кеңес өткізген бірнеше іс-шараларды атап өткім келеді. «Аналар кеңесі» Алматыдағы құзырлы органдармен бірлесіп мектептер мен колледждерде нашақорлыққа қарсы акцияларға қатысты. Нашақорлық дертінің залалы жас ұрпаққа мамандар тарапынан жіті түсіндіріліп, оқушылармен дискуссия болды. Біз рухани құндылықтарды дәріптеу дегенде осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың санасына әсер еткіміз келеді. Өйткені болашақтың зиянды әрекеттерден алдын алу арқылы саналы ұрпақты тәрбиелегіміз келеді. Біз қазір жастарымызға дұрыс жол көрсету арқылы, болашақтағы қауіп-қатердің алдын аламыз. Одан бөлек, біз жастарымызға салты мен дәстүрін, мәдениетін, рухани құндылықтарын қазірден бастап түсіндіреміз.
«Аналар кеңесі» жыл сайын «Мәдениетті ана, мәдениетті ұлт», «Қарттарға құрмет» , «Ерекше балаларға қамқорлық», « Тілге құрмет» сынды шараларды өткізеді. Біз қазыналы қарттарымыздың ерен еңбегін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бейбіт күннің астында, кең байтақ елде өмір сүріп жатқанымыз қарттарымыздың арқасында. Жастарымыз олардың еңбегін ұмытпауы керек. Біз осы арқылы келер ұрпаққа өнеге көрсеткіміз келеді. Отбасындағы ең басты құндылықтар да жиі айтылып, жиі насихатталуы керек.
«Аналар кеңесі» осы жолда өз бағытынан таймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде өз жұмысын жалғастыратын болады. Ең бастысы жастарымызды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек. Әр адам өзі үшін еңбектенуі керек. Біз еңбектену арқылы жастарымызды отбасы құндылықтарын нығайтуға үйретеміз. Болашақта отау құратын әрбір жас ең алдымен бір-біріне деген жауапкершілікті сезінуі керек. Ал жауапкершілік еңбекпен келеді.
Шынтауйтына келгенде отбасының рөлі төмендеген кезде бала сыртқы ортаның әсеріне бейім бола бастайды. Қазір білесіздер, көп ата-аналар балаларының интернет, әлеуметтік желіден, ұялы телефоннан нені көріп отырғандығын, қандай контент жүктеп алғанын тексермейді. Соның салдарынан мектеп жасындағы ұл- қыздарымызды қазір ғаламтор тәрбиелеп жатыр. Біз жастармен жастар тілінде диалогқа шыға отырып, заман міндеттеген қарым-қатынас платформасын таңдауымыз керек. Бүгінгі әлеуметтік желілер, қоғамдық институттар мен орталықтар тарих тағылымын, халық дәстүрін жастар санасына қолжетімді ерекше мазмұнда бейімдеуге дайын болса ғана ұрпақтар арасында байланыс, яғни сабақтастық орнауы мүмкін. Бұл ретте отбасылық құндылықтарды әр елдің бірегей сипатымен тоғыстыратын тәрбие мектебінің ұстанымдарына жүгінген дұрыс. Біз отбасын сақтау, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалау арқылы ғана мемлекеттің болашағына зор үмітпен қарай аламыз.