ТҮРКІСТАН: жол сапасы қатаң бақылауда

0

Жол құрылысының сапасы қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың нормативтерін қатаң сақтап, сапасыз жұмыстардың (асфальтобетон жабыны қалыңдығының жетіспеуі, а/б ұшуы, шашылуы және тағы басқа) алдын алу мақсатында жол жабынына тұрақты түрде сараптамалар жүргізілуде. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларын сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.

Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығының» тұрақты бақылауында. Кәсіпорынның ISO 17025 және ILAC стандарттары бойынша аккредиттелген зертханалармен жабдықталған филиалдары бар. Бұл ретте жұмыс автожол жобаларында қолданылатын сапаны бақылаудың қолданыстағы бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Сапаны бес сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жобаларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.

Жол құрылысы бойынша алынған сынамалар бірқатар кемшілікті анықтап берген. Бүгінде оларды жою үшін жұмыстар жүргізілуде. Анықталған ақаулар қалпына келтіріліп жатыр.

Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысымен 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%. Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұзындығы 3380,5 шақырымды құрайды. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.

Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.


ПІКІР ЖАЗУ