ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «алтын алқа» және «күміс алқа» иелері марапатталды
Бүгін, аудан әкімі Азат Оралбаев көпбалалы аналармен кездесті. Кездесу барысында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын салтанатты түрде табыстап, құрметпен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті көпбалалы аналар, аяулы жандар, ардақты аналар!
Сіздер үшін бүгін ерекше күн! Сіздерге, Мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырып, бала тәрбиелеудегі шынайы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жыл сайын көпбалалы аналар мен балаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қамқорлықтар көрсетіліп келеді. «Отан отбасынан басталады» демекші, сіздер ұрпақты дүниеге әкеліп, мейірім сыйлап, үлкен азамат етіп өсіріп отырсыздар. Ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан — барлық мақтауға лайық. Отбасыдан бөлек, сіздердің араларыңызда қоғамда түрлі салада еңбек етіп жүрген аналар да бар. Өздеріңізге алғысымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, таусылмас қуаныш пен жақсылық тілеймін. Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын! – деді А.Оралбаев.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей алтын құрсақты аналарымызды марапаттарымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №969 Жарлығына сәйкес, жалпы 75 көпбалалы ана марапатталды. Марапатталғандардың ішінде басым көпшілігі үй шаруасындағы аналар. 12 алтын, 63 күміс
Айта кетейік, қазіргі таңда жыл басынан бері аудан бойынша «Алтын» — 1162 және «Күміс»-2881 батыр ана бар.
Іс-шара соңында алтын құрсақты аналардың құрметіне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған ән-күй тарту етіліп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.