Дархан Сатыбалды Түркістандағы бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысын бақылады
Түркістан облысында құрылыс жұмыстары қарқынды. Әсіресе, баспана мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыс жүруде. Демалыс күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы 5 қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңдарын кезекті рет аралады. «Жібек жолы» тұрғын үй кешені мен «Отырар» шағынауданында салынып жатқан үйлердің құрылысын көріп, мердігерлер мен жауапты басшыларға тапсырмалар берді.
– Мердігерлер халық пен мемлекет алдында міндеттеме алған соң өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарулары керек. Жауапты басқармалар мен мекеме басшылары да әр нысанның сапалы салынуын бақылауда ұстасын. Бүгін айтылған кемшіліктер дереу ретке келтіріліп, жұмыс жандансын, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар сын-ескертпе айтты. Үйлердің сыртқы бейнесін біркелкі ету, қасбеттеріне мән беруді тапсырды.
«Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мұндағы 20 үйдің құрылысына 6 мердігер тартылған. Құрылыстың жалпы алаңы 20 мың шаршы метрден асады. 1728 пәтердің 1374-і, яғни, 17 үй биыл тапсырылады деп жоспарланған.
«Отырар» шағынауданындағы 5 қабатты үйлердің құрылымы да тұрақты қадағалауда. Мұндағы 20 үйді 7 компания салып жатыр. Облыс орталығы жаңа 800 пәтермен толығады.
Айта кетейік, биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған. Жалпы 900 мың мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.