Сайрам: тағдыр тауқыметін тартқан отбасыларды қолдау шаралары қарастырылды

Сайрам Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын Қолдау Орталығы» мекемесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында шұғыл жиыны өтті. Бұл басқосу аталмыш мекеме басшысы Жаксыбек Утегеновтың бастамасымен ұйымдастырылды.
Жиынға Қарабұлақ Ауылдық Округінің әкімі Камилжан Абилахатов, Мансап орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Сыздықұлы, Сайрам Ауданының Полиция Басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция А.Алихан және мобильді топ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Орталыққа жүгінген, өмірлік қиын жағдайға тап болған Қарабұлақ ауыл округінің тумасы, қазіргі таңда Ақсукент ауылдық округінде жалдамалы пәтерде тұратын азаматшаның мәселесі көтерілді.
Тұрмыс тауқыметін тартқан азаматшаға аталған мәселесі бойынша заңдылыққа сәйкес кеңестер берілді. Сондай-ақ Қарабұлақ ауыл округінің әкімі Камилжан Абдилахатовтың демеушілігімен отбасына қыстық киім, азық-түлік жабдықтарын алу, Сайрам Ауданы Мансап Орталығының ықпалымен арнаулы әлеуметтік көмек көрсету және қоғамдық ақылы жұмысқа тарту мәселесі қарастырылды.
Өз кезегінде, Қарабұлақ ауыл округінің әкімі Камилжан Абдилахатов егер ол азаматша Қарабұлақ ауылына көшіп келген жағдайда, қолдау көрсетілетінін білдірді. Уақытша тұрғын үй және атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж болған жағдайда (АӘК) сүйемелдеп, сондай-ақ алдағы уақытта демеушілердің баспана салып беруге ниетті екендіктерін жеткізді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша азаматтардың бірі мемлекеттен берілетін несиеге қол жеткізуді сұрады. Бұл мәселе бойынша аудандық Мансап орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Сыздықұлы өтініш иесіне тиісті түсіндірмелер берді. Ауданымызда орналасқан кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-Бастау» бойынша оқу курсынан өткеннен соң, орталыққа құжаттарды тапсыру керектігін айтты.