Сауран: әдеп кодексі, цифрландыру және мемлекеттік қызметті дамыту мәселелері талқыланды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Абылайхан Наурызбаев Сауран ауданына іссапармен келіп, ауданның мемлекеттік қызметшілерімен кездесті. Кездесуге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары мен ауылдық округ әкімдері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Департамент басшысы Абылайхан Наурызбаев Агенттіктің негізгі жұмыс бағыттарымен қоса, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сапалы ұсыну және бюрократиясыз сервистік аппратты құру бойынша ақпараттар берді. Мемлекеттік қызметшілердің БАҚ алдында сөйлеу кезіндегі әдептілігі, әлеуметтік желілерде жарияланған сыни мақалалар мен пікірлерге әдеп нормаларын сақтай отырып, заңнамаларға сілтеме жасау арқылы жауаптар беру қажеттігін түсіндірді.
Сонымен қатар, Президенттің 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қызметте негізгі аспектілер – тәлімгерлік қызметті күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту, мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайын жақсарту, олардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қызметті цифрландыру бағытында жұмыстар атқарылатыны туралы атап өтті.
Бұдан басқа, мемлекеттік қызметке кіруді оңтайландыруға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша Агенттікпен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кездесу соңындақа ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратова «Мемлекеттік қызметшінің шешендік өнері» тақырыбында тренинг өткізді.
Тренингте мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік саясатты қалыптастыруда заң аясында жасап жатқан жұмыстарын қоғамда дұрыс ұғыныңқы, нақты түсінікті түрде жеткізуге бағытталған түсіндірмелер айтылды. Кездесу соңында қатысушылардың ой-пікірлері тыңдалып, сұрақ-жауаптармен жалғасты.