Бәйдібек: мәжіліс депутаты ауданымыздағы бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков арнайы іссапармен Боралдай ауылдық округіне барып, күрделі жөндеуден өткен “Боралдай дәрігерлік амбулаториясының” жұмысымен танысты.
Ұ.Сәдібеков медициналық мекеменің жағдайын, жаңартылған инфрақұрылымды және тұрғындарға көрсетіліп жатқан қызмет сапасын көріп, медицина қызметкерлерімен кездесіп, амбулаторияның өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызын атап өтіп, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Амбулатория қызметкерлері жаңа мүмкіндіктер мен қызмет сапасын арттыру жолында атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіріп, өздерінің алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл сапар денсаулық сақтау саласының дамуына әрі қарай қолдау көрсетудің маңызды қадамдарының бірі болды.
Медициналық нысан 1968 жылы салынған болатын. Ескірген ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Мекемеде 43 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда күніне 90 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Енді жергілікті тұрғындар заман талабына сай салынған жаңа ғимаратта қызмет ала алады.
КЕЗДЕСУ ЕРУБАЕВ МЕКТЕБІНДЕ ОКРУГ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖӘНЕ МЕКТЕП ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУМЕН ЖАЛҒАСТЫ.
Мәжіліс депутаты тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар, мектеп ұжымымен білім беру сапасы мен мектептің даму бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту, білім беру саласында жаңашылдықтарды енгізу, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары бойынша өз ойларымен бөлісті. Мектеп ұжымына сапалы білім беру ісінде табыс тілеп, жаңа жобалар мен бастамаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Бұл кездесу Боралдай ауылдық округінің тұрғындары мен мектеп ұжымының мәселелерін көтеріп, оларды шешуге бағытталған маңызды қадам болды.