Төлеби: аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады

0

Бекітілген кестеге сай, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов  азаматтарды жеке қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады. Жауапты сала басшыларымен бірге көтерілген әрбір мәселені зерделеп, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.

Жеке қабылдауға Көксәйек, Кемеқалған, Киелітас ауылдық округтері, Ленгір және Шымкент  қалаларының азаматтары келді. Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй, екі ауыл арасын жалғайтын жаяу жүргіншілерге арналған жол, ойын алаңшасын орнату, көшеге асфальт төсеу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, кітапхана құрылысын жүргізу, түнгі жарық шамдарын қою, жер, электр жарығына қатысты өтініштер де қаралды. Жұмыс сұраған азаматтарға жұмыс ұсынылып, кәсіпкер өзіне тиесілі жердің нысаналы мақсатын өзгертуді сұранып, инвестор инвестициялық жобаларын таныстырды.

Тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы кез келген көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, шешілуі өз бақылауында болатынын айтты.

Айта кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Төлеби ауданы әкімі аппаратының әкімшілік және құжаттандыруды қамтамасыз ету  бөлімі жүргізеді. Қабылдауға  е-otinish бірыңғай базасы және әкімшілік және құжаттандыруды қамтамасыз ету  бөліміне  келіп, жазбаша өтініш тастау және телефон  арқылы жазылуға болады.


ПІКІР ЖАЗУ