Сайрам: полиция өкілдері есептік кездесу өткізді

Қарабұлақ ауылдық ауылдық мәдениет үйінде Сайрам Ауданының Полиция Басқармасының №70 Қарабұлақ ауылдық полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары 2024 жылы атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттері бойынша есептік кездесу өткізді.
Кездесуге Қарабұлақ Ауылдық Округі әкімінің орынбасары Дилмурад Усманов, Сайрам аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Ендибаев, «Қоғамдық Келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының маманы Сайфуддин Айтов және Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Қарабұлақ ауыл округінің ақсақалдар, аналар, медиация және ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері қатысты.
2024 жылы 12 ай қорытындысы бойынша Қарабұлақ ауыл округінде қоғамдық тәртіпті сақтау, кауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және болған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында 15 учаскелік полиция инспекторы және 9 арнайы қызметтік автокөлік жұмылдырылуы нәтижесінде «бұрын болған» және «ізін суытпай ашылған» құқықбұзушылықтар саны — 75-ке азайды. Оның ішінде: «аса ауыр» санаттағы қылмыстар — 2, «ауыр» санаттағы қылмыстар — 25, «орта» санаттағы қылмыстар — 29, «онша ауыр емес» санаттағы қылмыстар — 16, қылмыстық теріс қылықтар — 18-ді құрайды.
Бұдан бөлек, 15 тұлғаға қатысты: құқық бұзушының мінез құлқына оның жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында Сайрам аудандық сотымен «ерекше талаптар» белгіленген.
Ал, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін 115 тұлғаға 30 тәулік мерзімге «қорғау нұсқамасы» шығарылғаны туралы жиналыс барысында Сайрам аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры М.Теленов баяндама жасады.
С.Айтов өз сөзінде: Қарабұлақ ауыл округінде нашақорлық, ойынқұмарлық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты қоғамдағы әлеуметтік кеселдерге қарсы қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды күшейту керектігін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды бірлескен жоспарлар негізінде жүзеге асыруды ұсынды.
Жиын соңында жиналған жұртшылықтың қойылған сұрақтарына тиісті деңгейде жауаптар беріліп, ұсыныстар назарға алынды.