Сайрам: 13 мыңнан аса адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан

0

Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен бөлімдердің жұмыстарын үйлестіру бойынша кеңес отырысы болып өтті. Онда ауданның  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өткен жылда атқарылған жұмыстары туралы есебі мен ағымдағы жылға койған жоспарлары туралы есебі талқыланды. Бөлім басшысы Нұрлан Сарыбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Бөлім басшысы жұмыспен қамту шаралары бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бастамаларын таныстырып, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Сайрам ауданы бойынша «Қазақстан Республикасының Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жалпы 11 497 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету жоспарланды. Есепті айда 13 322 азамат жобаға қатысып, жоспар 116 пайызға орындалды. Биыл аталған бағытта 12 067 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарлануда, — деді бөлім басшысы.

Сонымен қатар, жергілікті халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктері мен жастарға арналған арнайы жобалар мен бағдарламаларды жастарға жеткізу мәселелері айтылды.  Аудандық «Мансап орталығы» жұмысының тиімділігін арттыру, цифрлық технологияларды қолдану, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту және халықпен кері байланысты нығайту мәселелері де сөз болды.

Бөлім басшысының есебін тыңдаған аудан әкімі Арман Сәбитұлы әлеуметтік салаға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтатын болсақ, ауыл округ әкімдерімен тиісті бөлімдермен бірлесіп, қадамдық іс-шаралар жоспарын бекітіп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.


ПІКІР ЖАЗУ