Сайрамдық оқушылар «қаржылық сауат ашу» сабағын оқи бастады

0

Тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру департаментінің «Білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын бекіту» туралы бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айы «Заң және тәртіп» құндылығының айы болып белгіленген. 

Аталған шараны жүзеге асыру мақсатында Оқу ағарту министрлігі Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесе отырып, білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Қаржылық сауаттылық» сабақтарын әзірлеген болатын. Әзірленген әдістемелік құжаттарды пайдалану үшін, QR кодты пайдалану арқылы материалдарды екі тілде жүктеп алуға мүмкіндіктер қарастырылған.

Сонымен қатар, аталған шараның маңыздылығын арттыру үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұсынысына сәйкес, «Қаржылық мониторинг органдарының құрылуы» күніне орай, аудандық білім беру ұйымдарында оқушылар арасында қаржылық қауіпсіздік тақырыбында арнайы іс-шаралар өтті.

Осы орайда, №93 Абылайхан  атындағы жалпы білім беретін мектебінде қаржылық қауіпсіздік мәселелерін түсіндіру бағытында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Мақсаты — қаржыны тиімді басқаруға, пайдалануға, табыспен шығындарды дұрыс жоспарлауға, инвестицияларды сауатты жүргізуге, сондай-ақ қаржы құралдарын  ұтымды  пайдалануға, қаржы саласында дүниетанымын кеңейту, қабілетін  дамыту.

Мектептің кіреберісінде борт қызметкерлері аудан әкімінің орынбасары М.Әліпов және аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Ахметовті қарсы алып, қаржылық сауаттылыққа қатысты көңілді әрі танымдық ойындарға қатысуға шақырды. Әрбір ойынның бағыттары мен шарттары таныстырылды. Әр бағытта сұрақтар қойылып, дұрыс жауаптары үшін қағаз ақша ұсынылды. Басшылар жинаған қағаз ақшаларын Kaspi терминалына салып, ұшаққа билеттерін сатып алды. Мұнан кейін, шара «Теңге алу» және «Бәйге» атты ұлттық ойындарымен жалғасты. Басшылар мектеп директоры А.Сұранчиевамен бірге балалардың қолөнерлеріне арналған көрмені тамашалаған соң, 9 «е» сынып жетекшісі Ұлжамал Пралиеваның «Онлайн – шоппингтегі алаяқтық» және 10 «Ә» сынып жетекшісі Настия Уразымбетованың «Дропперлер» тақырыптарында өткізген ашық сабақтарына қатысты.  

Бүгінгі өткен ашық сабақтар арқылы оқушыларға қаржылық сауаттылықты меңгерту, әлеуметтік желідегі алаяқтықтың алдын алу жолдары түсіндірілді. Оқушыларға қаржылық сауаттылық тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, қаржылық сауаттылық негіздері, интернет алаяқтықтары мен қаржы пирамидаларының қауіптілігі жөнінде ақпарат берілді.

Сабақты қорытындылау сәтінде онлайн-шопингтегі алаяқтықтың негізгі түрлерін білу, алаяқтық сайттар мен ұсыныстардың белгілерін тану арқылы жасөспірімдер өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну қажеттілігін ұғынды. Өз кезегінде қаржылық сауаттылыққа қатысты алған білімдерін  талқылады.

Айта кетелік, қаржылық қауіпсіздік мәселелері жалпы білім беретін мектептерде 5-7 сынып  оқушылар арасында  жоспарға сәйкес «Цифрлық гигиена», 8-9 сынып оқушылары арасында «Онлайн сатып алудағы алаяқтық» және 10-11 сынып оқушылары үшін «Дропперлер» тақырыптарында жекеленген  тәрбие сағаттары өткізілді.  


ПІКІР ЖАЗУ