ТҮРКІСТАН: Жетісайда ауғанның асуында от кешкендерге құрмет көрсетілді

Кешегі бағыт-бағдары белгісіз, бақандай он жылға созылған Ауған соғысының қасіреті қазақстандықтарды да айналып өткен жоқ. Бір ғана Мырзашөл топырағынан интернационалдық борышын өтеуге 253 жауынгер аттанып, оның 18-і жат жерде мерт болды. Ауғандық жауынгерлердің өз Отанына, еліне деген адал махаббаты, ерліктері әрдайым келер ұрпаққа ұран болып келеді.
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық орталық саябақтан бастау алған іс-шара Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерінің құрметіне қойылған әскери ауыр техника алдына гүл шоқтарын қойып, 1 минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Боздақтардың рухына бағышталып құран бағышталып, бейбітшілік пен тәуелсіздіктің мәңгі болуын тілеп, бата жасасты.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Тұрышбек Елшібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов тәуелсіздік жолында сан ғасырлардан бері жаумен арпалысып, бүгінгі бейбіт заманды орнатып берген ата-бабамыз бен кешегі Ауған соғысында отансүйгіштіктің нағыз үлгісін көрсете білген боздақтардың теңдесі жоқ ерліктерінің керемет үлгілерін жас буынға дәріптеп, майдангерлерді алғыс хаттармен марапаттады.
Ал аудан өнерпаздары өз кезегінде кеш қонақтарына патриоттық әндер шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.