Сарыағаштық оқушылар жұмысшы мамандығы бойына білім алып, диплом иеленді

Сарыағаш ауданында былтыр эксперименталды білім беру бағдарламасы енгізіліп, мектептердің 10-11 сынып оқушылары негізгі біліммен қатар жұмысшы мамандықтарын игеріп жүр. Биылғы жылы кәсіптік білім алып жатқан жеткіншектердің алғашқы тобы диплом алды. «Аспазшы» және «автоэлектрик» мамандығын игерген бозбалалар мен бойжеткендер өздері қызығушылық танытқан кәсіптің қыр-сырын игеруді ұйғарған.
Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты №61 жалпы білім беретін мектебінің 2024-2025 оқу жылының бітіруші түлектері өңірдегі №12 кәсіптік колледждің жұмысшы мамандығы бойынша білім алып, кәсіптік-техникалық колледждің дипломын иеленді. Бағдарлама Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Эксперименталды қос білім беру» жобасы ретінде қолға алынған. Ерекшелігі — оқуды ойдағыдай аяқтаған балаға мектеп аттестатымен қосымша арнайы маман ретінде диплом да табысталады.
Аталмыш бағдарлама ауданда екі жыл қатарынан пилоттық жоба ретінде жалғасын тауып келеді. Биылғы жылы сарыағаштық 10 бітіруші түлек эксперименталды қос білім беру жобасы аясында білімін арттырып, жұмысшы маман атанып отыр. Қос білім беру пилоттық жобасы бойынша мектеп оқушылары таңертең мектепте сабағын оқып, түс қайта кәсіби білім беретін оқу орнында білім алды. Оларға мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары Клара Қайратқызы және сынып жетекшілері Гүлзада Тағаймұратова мен Жанат Масақбаева жетекшілік жасады. Жұмысшы мамандығын меңгерген шәкірттер 1 жыл 5 ай жалпы білім беру бағдарламасы бойынша мектептегі сабағын колледждегі оқумен ұштастырып, жұмысшы мамандығын игерді. Ендігі кезекте мектеп оқушылары болашақта өз салалары бойынша кәсіп ашуды көздеп отыр.