Қазақстанда 10-нан көп SIM-карта алатындар бақылауға алынбақ

Қазақстанда бір адамға тиесілі SIM-карталар санын шектеу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта SIM-карталарды қолдануға қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Егер құжат күшіне енсе, 10-нан көп SIM-карта сатып алатын азаматтардан оның қандай мақсатта пайдаланылатыны сұралады.
Мақсатсыз пайдалану айыппұлмен жазаланады. Мобильдік операторлар SIM-картаның трафигі арқылы қолдану мақсатын анықтай алады, — деді Мәдиев.
Цифрлық даму министрлігі бір адамға тиесілі SIM-карталар санын шектеу бастамасын былтырдан бері көтеріп келеді. Бұл шара алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
IM-карталардың қалай қолданылып жатқанын мобильдік операторлардың технологиялары арқылы бақылауға болады. Егер мақсатсыз пайдаланылғаны анықталса, айыппұл түріндегі жауапкершілік қарастырылады, — деді Жаслан Мәдиев.
Еске сала кетейік, енді жаңа SIM-карта сатып алу үшін екі рет тіркеуден өту керек болады.