Қай тілді үйренгенде өмір ұзаратыны белгілі болды

0

 Елордада БҰҰ-ның ресми күнтізбесіндегі ерекше дата – Дүниежүзілік қытай тілі күні аталып өтті. Бұл күн әлемдегі ең көне әрі күрделі тілдердің біріне құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар оның адам денсаулығына, әсіресе когнитивті функцияларға ықпалын қайта зерделеу күніне айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұзақ өмірдің кілті

Қытай тілі миды жаттықтырады, ал белсенді ми – ұзақ өмірдің кілті, – дейді тарих ғылымдарының докторы, қытайтанушы, ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық орталығының жетекші сарапшысы Клара Хафизова.

Қытай иероглифтерін үйрену – бұл тек тіл меңгеру емес. Бұл – күнделікті есте сақтау, логикалық байланыс құру, ассоциативтік ойлау, көрнекі жадты жаттықтыру. Яғни, бұл – мидың толық жаттығуы. Адам миы бұл процессте үнемі жұмыс істеп тұрады, нәтижесінде оның икемділігі мен жасушалық жаңару қарқыны артады, – дейді ғалым.

Хафизованың айтуынша, иероглифтерді үйрену – миға арналған күрделі әрі ұзақ мерзімді жаттығу. Қытай тіліндегі таңбаларды көру – бір басқа, ал оны дұрыс жазу үшін ондаған қайтара қайталау қажет. Бұл – ұзақ мерзімді есте сақтауды дамытып, Альцгеймер сынды аурулардың алдын алуға ықпал етеді.

Тіл – музыка, поэзия, философия

Қытай тілі – тек логика емес, ол поэзия мен эстетикаға толы. Тілдегі төрт түрлі дыбыстық тон жүйесі сөзге ерекше реңк пен “музыкалық” әсер береді. Осы себепті қытай поэзиясы – әнге айналған поэзия. Бұл көркемдік тіл де адамның эмоциялық интелектісін дамытатынын алға тартады сарапшы.

Қытай тілі – болашақтың тілі

Қытай тілі бүгінде халықаралық ғылым мен технологияның белсенді қатысушысына айналып келеді. БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын бұл тілде сөйлеу – жаһандық трендке айналып келеді. Әсіресе, Конфуций институттары мен халықаралық университеттердегі қытай тілі бағдарламалары дамушы елдерде үлкен сұранысқа ие. Соның бір дәлелі – Астанадағы Пекин тіл университетінің бөлімшесі.

Қытай тілін үйрену арқылы біз тек қытай мәдениетін емес, өзіміздің де ежелгі мәдени-генетикалық кодымызды қайта танимыз. Қазақ таңбалары мен қытай иероглифтерінің логикасында ұқсастық көп. Бұл – тіл ғана емес, бүкіл символдар әлемі, – дейді сарапшы.

Қытай тілін меңгеру – тек мансап үшін емес, ми белсенділігін арттыру, есте сақтау мен зияткерлік мүмкіндікті жетілдіру, сол арқылы өмірді ұзарта алатын күшке ие. Қытайтанушы Хафизова айтқандай, қытай тілі – адам миына арналған ең үздік жаттығу алаңы.


ПІКІР ЖАЗУ