«Достық-Мойынты» теміржолы – ел экономикасының бір тірегі

Өңірдің экономикасының даму динамикасы Қорғас желісі мен «Достық» станциясына тікелей байланысты. Қос шекаралық аймақтың көлік-логистика саласында бәсі жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ел экономикасының тірегіне айналған екі аймақтың облыс үшін ғана емес, мемлекетіміз үшін де маңызы жоғары. Мәселен, былтыр облыс әкімдігінің парақшасында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығында жалпы құны 63,3 млрд теңгені құрайтын 27 жоба жүзеге асырылып жатқаны жазылған еді. Соған сай 2000-ға жуық жұмыс орны ашылған екен.
Облыстың экономикалық дамуы мен инвестиция тартудағы басты нүктелері – Қорғас бағыты мен «Достық» теміржол станциясы. Қытаймен шекаралас бұл өңірлердің көлік және логистикалық мүмкіндігі жоғары. Осы салада инвестиция тарту, транзит көлемін арттыру және өткізу бекеттерін жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. 2027 жылдың соңына дейін құны 1,1 трлн теңге болатын 79 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Атап айтқанда, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аясында Қазақстан мен Германия бірлесіп жүк және жолаушыларға арналған әуежай салу жобасы жүзеге асырылады, деген еді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Сонымен қатар, «Достық» станциясында жылына 350 мың контейнер өңдеуге қауқарлы «Dostyk Trans Terminal» көпфункционалды жүк терминалының үшінші және төртінші кезеңдері салынып жатыр. «Евротранс Групп» ЖШС да логистикалық терминал аумағында құны 50 млн АҚШ долларына бағаланған, 40 гектарлық уақытша сақтау қоймасын салуға дайындық жүргізуде. Кеден қызметін жетілдіру мақсатында осы жылдың қаңтарында станцияда күніне 200 көлікке қызмет көрсете алатын «Dostyk Customs Service» жаңа уақытша сақтау терминалы іске қосылды.
«Достық–Мойынты» теміржолы – еліміздің көлік-логистикалық жүйесін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық жоба. Бұл бағыт тек Қазақстан үшін емес, бүкіл Орталық Азия мен Еуразия құрлығы үшін маңызды транзиттік дәлізге айналып отыр. Қазіргі таңда Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының сұранысы артып келеді. Сондықтан осы учаскеде екінші жол салу арқылы біз транзиттік әлеуетімізді бірнеше есеге арттырамыз. Бұл теміржолдың өткізу қабілеті бес есеге ұлғайып, тәулігіне 60 жұп пойызға дейін жүк қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мыңдаған жұмыс орны ашылып, өңір экономикасы да дами түсуде. Жетісу облысында құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеден озып жүргізіліп жатыр. Бұл – жергілікті мамандардың жоғары біліктілігі мен жобаға деген жауапкершілігінің айғағы. Аталған жоба аяқталған соң Қазақстанның халықаралық көлік дәлізіндегі орны күшейіп, біз Еуразия құрлығындағы басты логистикалық хабтардың біріне айналамыз деп сенеміз, дейді көлік-логистика саласының сарапшысы Мәулен Тенекбаев.
Былтыр өңір басшысы «Үшарал – Достық» автожолын қайта жаңғыртудың аяқталуына байланысты халықаралық жүк тасымалы көлемінің артқанын айтып, осыған байланысты кеден бекеттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейту қажеттігі туындағанын жеткізген болатын. Мәселен, «Алакөл» автомобиль өткізу бекетінде қозғалыс жолағы 2 жолақтан 6 жолаққа дейін кеңейтіліп, көлік өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1600 көлікке дейін жететін болады. Оған қоса, «Достық – Мойынты» теміржолының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба «Достық» станциясының өткізу мүмкіндігін бес есеге дейін, яғни тәулігіне 12 пойыздан 60 пойызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Талдықорғаннан Үшаралға дейін – көгілдір отынның жаңа бағыты сызылды. Бұл жұмыс алдағы жылдары өз нәтижесін береді.
«Достық–Мойынты» теміржолы: Жетісу арқылы өтетін стратегиялық магистраль
Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі көлік жобаларының бірі – «Достық–Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жол салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындау аясында жүзеге асырылуда.
Жобаның жалпы ұзындығы 836 шақырымды құраса, соның 325 шақырымы – Жетісу облысының аумағынан өтеді. Яғни, бұл – теміржол желісінің 39 пайызы облысқа тиесілі деген сөз. Сонымен қатар, 543 миллиард теңге көлеміндегі жалпы инвестицияның 260 миллиард теңгесі (48%) де Жетісу өңіріне бағытталған. Қаржыландыру көзі – Ұлттық қор.
Жетісу облысы бойынша жобаны жүзеге асырудың қарқыны да жоғары. 2023 жылы 36,4 млрд теңге игерілсе, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 161,3 млрд теңгеге жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында – 12,8 млрд теңге игерілді.
Бес есеге ұлғайған өткізу қабілеті, мыңдаған жұмыс орны
Теміржол саласындағы бұл ірі жоба еліміздің логистикалық жүйесіне жаңа серпін бермек. Учаскенің өткізу қабілеті қазіргі тәулігіне 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін артатын болады. Бұл – Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлін күшейтіп, көлік хабына айналуына үлкен мүмкіндік.
Сонымен қатар, жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Құрылыс кезеңінде 1 996 адам жұмысқа тартылса, пайдалану кезінде тұрақты түрде 270 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – өңір халқы үшін табыс көзінің артуы мен тұрақты жұмыспен қамтудың нақты көрінісі.
Обыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауқымды құрылыс жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатыр. Атап айтсақ, бүгінде Жетісу облысының аумағында бірнеше бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен:
- 420 шақырымға рельсті-шпал торлар төселді;
- 742 мың текше метр қиыршық таспен балластау жұмыстары жүргізілді;
- 4,7 миллион текше метр көлемінде жер төсемі салынды;
- «Ақтоғай – Разъезд-19» және «Бескөл – Разъезд-19» учаскелерінде сигнал беру, орталықтандыру және құлыптау жүйелеріне арналған траншеялар қазылып, 540 км кабель төселді;
- Электр желілерін қайта құру барысында 10 кВ ӘЖ бойынша 3 430 тірек қойылып, 146 км оқшауланған сымдар орнатылды;
- 35 кВ және 110 кВ желілер бағытында барлығы 1 417 тірек орнатылды;
- 46 көпір мен 124 су өткізу құбырлары орнатылып, инфрақұрылым толықтырылуда.
Жоспардан озық жұмыс, ашық жол
Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден ілгерілеп келеді. Қазіргі уақытта «Достық – Бескөл» учаскесінде екінші жол бойынша пойыз қозғалысы ашылып, жүк тасымалы басталып кетті. Бұл – жоба барысының жүйелі әрі жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Жоспар бойынша, «Достық–Мойынты» теміржол желісінің құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Осылайша, еліміздің транзиттік әлеуетін көтеретін, экономикалық және әлеуметтік дамуға серпін беретін маңызды магистраль ел игілігіне айналмақ.
Жетісу өңірінде халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында тағы бір ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құны 131,7 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаның ел игілігіне берілетін мерзімі – 2025 жылдың күзі.
Қазақстанның транзиттік әлеуетін еселеп арттыратын маңызды жобалардың бірі – «Достық–Мойынты» теміржол желісі. Бұл – Қытай мен Еуропа арасындағы жүк ағынын ұлғайтуға жол ашатын стратегиялық бағыт. Қазіргі уақытта Достық шекара бекеті еліміздің басты логистикалық хабтарының бірі саналады. Алайда оның өткізу қабілеті бұрын шектеулі еді. Енді жаңа теміржол желісі пайдалануға берілгеннен кейін, Достық станциясының жүк өткізу мүмкіндігі бес есеге ұлғайып, тәулігіне 12 пойыздан 60 пойызға дейін қабылдап-жөнелтуге мүмкіндік тумақ. Бұл жоба көлік-логистика саласына тек инфрақұрылымдық серпіліс әкеліп қана қоймай, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізуге де жол ашады. Теміржол желісінің сенімділігі мен қуаты артқан сайын Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлі де нығая түседі, дейді теміржол инженері, логистика саласының сарапшысы Бақытбек Кенебаев.
Ауқымды инфрақұрылымдық жоба аясында ұзындығы 302 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, бойында 6 автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГРС) орнатылатын болады. Бұл – Жетісудың тынысын ашатын, отынға тәуелділікті азайтатын тың бастама. Жобаның іске асуы нәтижесінде өңірдегі 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді. Айта кетейік, аталған газ құбырының жылдық өткізу қуаттылығы 310,54 миллион текше метрге дейін жетеді.
Бүгінде жеке инвестициялар есебінен осы 66 елді мекенге газ желісін тартуға арналған жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Атап айтқанда, Ақсу ауданында – 26, Сарқанда – 18, Алакөлде – 22 елді мекен қамтылмақ. Бұл бастама – тек инфрақұрылым емес, өңір дамуының өзегі. Табиғи газдың қолжетімді болуы – тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалға да оң әсерін тигізетіні анық.
Жалпы алғанада, «Достық–Мойынты» теміржолы: Еуразияны жалғайтын жаңа күретамыры саналады. Бұл – қарапайым көлік желісінің құрылысы ғана емес, еліміздің экономикалық қуатын күшейтіп, геосаяси маңызын арттыратын маңызды бастама. «Достық–Мойынты» теміржол желісі – Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік орталықтардың біріне айналдыру жолындағы тың қадам.