Көлік таптап кетті: 11 адам қаза болды

0

 Канададағы Ванкувер қаласында филиппин қауымдастығы ұйымдастырған көше фестивалі кезінде қара түсті жол талғамайтын көлік халыққа соғылып, кемінде 11 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС News-ке сілтеме жасап.

Оқиға сенбі күні кешке, жергілікті уақытпен сағат 20:00 шамасында болған. Қайтыс болғандардың арасында 5 жасар қыз бала да бар.

Полиция жүргізушіні оқиға орнында ұстады. 30 жастағы ер адам психикалық денсаулығында кінәрат болғаны анықталды. Ол бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарында болған. Полиция бұл оқиғаның лаңкестік әрекет екенін жоққа шығарды.

Куәгерлердің айтуынша, көлік жылдамдығы сағатына 100 шақырым шамасында болған. Жүргізуші көпшіліктің арасымен жоғары жылдамдықта жүріп өткен соң, қашып кетуге тырысқанымен, адамдар оны ұстап алған.

Фестиваль кезінде парад, фильм көрсетілімдері мен концерттер жоспарланған еді. Инцидент музыканттардың өнер көрсетуінен кейін болған. Оқиға орны әскери аймаққа ұқсап кеткенін куәгерлер жеткізді.

Оқиғаға байланысты қала әкімі толық тергеу жүргізуді тапсырды. Канаданың жетекші саясаткерлері, соның ішінде премьер-министр Марк Карни мен басқа да саяси тұлғалар филиппин қауымдастығына көңіл айтты.


ПІКІР ЖАЗУ