Қазақстан мен Ресей жол саласында жаңа келісімге қол қойды

Елордада «Автомобиль жолдары мен жасанды құрылыстарды салу және күтіп ұстау: қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиялары мен тәжірибесі» атты халықаралық конференция аясында маңызды шаралардың бірі — Жол саласындағы серіктестік күні бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған іс-шара Қазақстан мен Ресей арасындағы жол құрылысы мен инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Екі ел арасындағы серіктестік — заманауи озық технологиялық шешімдерді бірлесіп жүзеге асыру, инфрақұрылымды жаңғырту және тәжірибе алмасу тұрғысынан үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Конференция инженерлік әзірлемелерді ұсынуға, салалық мәселелерді талқылауға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға арналған алаңға айналды.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет құттықтау сөзін сөйлеп, кәсіби диалог пен бірлескен шешімдер іздеудің маңыздылығын атап өтті.
Бағдарлама шеңберінде жетекші компаниялардың таныстырылымдары ұсынылып, цифрландыру, экология және жол қауіпсіздігі тақырыптарында пікірталас сессиялары өтті. Сонымен қатар іскерлік байланыс орнатуға арналған биржа ұйымдастырылуда. Қатысушылар нақты жобалар мен тәжірибелік үлгілерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасуға және кәсіби серіктестікті нығайтуға негіз қалады.
Сондай-ақ шара аясында автожолдар мен жасанды құрылыстарды салу және ұстау саласында ғылыми-техникалық және тәжірибелік ынтымақтастықты көздейтін Үшжақты келісімге қол қойылды.
Келісімге Қазақстанның Автожолшылар қауымдастығы мен Ресейдің Инфрақұрылым және көлік нысандарын қысқы жағдайда күтіп ұстау жөніндегі ұлттық қауымдастығы және «Регион 45» жол техникасы зауыты (Ресей) қол қойды. Аталған құжат тараптардың ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға және инфрақұрылымдық бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға деген өзара қызығушылығын көрсетеді.
Автоматтандыру, техниканы тиімді пайдалану, импортты алмастыру және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ халықаралық стандарттар мен шетелдік тәжірибені бейімдеу мәселелері де сөз етілді.
Жол саласындағы серіктестік күні — екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам. Ол жол саласының өркендеуіне және қос ел арасындағы ұзақмерзімді әріптестікке жол ашары сөзсіз.