Aitu-ға көшу: Енді WhatsApp пен Telegram қолдануға тыйым салына ма?

Елімізде Aitu мессенджерін енгізуге байланысты WhatsApp, Telegram және өзге де шетелдік мессенджерлерге Қазақстанда тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеке мақсатта қолдануға шектеу жоқ
Министрліктің түсіндіруінше, шетелдік мессенджерлерді азаматтар жеке өмірде бұрынғыдай пайдалана береді.
Aitu тек мемлекеттік секторға енгізіледі
Aitu мессенджерін енгізу бастамасы тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қатысты. Ол мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс барысындағы құжаттармен және ресми ақпаратпен алмасудағы қауіпсіздікті арттыру үшін қолданылады.
Қорғалған цифрлық орта
Aitu қызметтік хат алмасу, жұмыс чаттары, жедел хабарламалар және мемлекеттік цифрлық платформалармен өзара әрекеттесудің негізгі құралына айналады. Оның басты артықшылығы – серверлердің барлығы Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл деректерді қорғау талаптарына сай келеді әрі мемлекеттік органдар үшін сенімділік деңгейін арттырады.
Министрлік атап өткендей, Aitu азаматтардың жеке өмірінде шетелдік мессенджерлерді алмастырмайды және оларға ешқандай шектеу қойылмайды.