Үржардағы трагедия: Денсаулық сақтау министрі зардап шеккен балаларға барды

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен балаларға барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр Астана қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылған екі баланың жағдайымен жеке танысты.
Ақмарал Әлназарова балалар ауруханасының емдеуші дәрігерлерімен әңгімелесті. Оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттан бастап шұғыл көмектің толық көлемін қамтамасыз еткен мультидисциплиналық бригадалардың үйлесімді жұмысын атап өтті. Сапар барысында ведомство басшысы баланың анасымен кездесіп, тезірек қалпына келуін тілеп, шын жүректен қолдау білдірді.
Біздің балаларымыздың денсаулығы мен өмірі басты басымдық болып табылады. Мемлекет оларды қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Мен кішкентай пациенттерді құтқаруға жедел қатысқан дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Балаларға тезірек сауығып кетуін, ал туыстарына — осы қиын уақытта күш пен шыдамдылық тілеймін, — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Еске салсақ, 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен дәрігерлердің бақылауында.
Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын хабарлады.
Белгілі болғандай, қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барған. Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды. Үржарда үш баланың қазасына себеп болған жол апаты тергеліп жатыр.
Дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресуде. Екі бала Астанаға жеткізіледі. Айта кетейік, Үржарда балаларды қағып кеткен жүргізушінің ұлы кешірім сұрады.