Тарихта алғаш рет: Қазақстан Virtus басқарма құрамына енді

«Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің (IDSPORT Kazakhstan) президенті Дина Темірғалиева 2025-2029 жылдарға арналған Халықаралық интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының (Virtus Governing Board) Басқарма құрамына сайланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шешім 2025 жылдың 25 тамызында Таиландтың Бангкок қаласында өткен Virtus Asia Бас ассамблеясында дауыс беру арқылы қабылданды. Осылайша, Қазақстан тарихта алғаш рет Virtus басқарушы органында ұсынылды.
Дина Темірғалиева бұған дейін Virtus Asia басқарма мүшесі болып, Қазақстанды аймақтық құрылымдарда белсенді таныстырып жүрген болатын. Сондай-ақ ол Virtus Asia құрамындағы жалғыз әйел. Бұл Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің гендерлік теңдікке бағытына сай келеді және заманауи ESG қағидаттарын: теңдік, инклюзия мен тұрақты дамуды бейнелейді.
Virtus шешімі – Қазақстанның халықаралық аренада атқарған жұмысына берілген жоғары баға мен мойындау. Бұл біз үшін сенім әрі еліміздің жаһандық спорт қауымдастығында сенімді серіктес бола алатынының маңызды белгісі. Жеке өзім үшін бұл – үлкен жауапкершілік әрі алдағы төрт жылға үлкен меже. Соңғы екі жылда біз үш әлем чемпионатын өткізіп, халықаралық жарыстарға белсенді қатыстық. Бұл Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ұйымдастырушы және қатысушы бола алатынын көрсетті. Алда – халықаралық әріптестікті нығайту және интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спортты Азияда да, жаһандық деңгейде де дамыту, — деді Дина Батырғалиевна.
Virtus – 35 жылдан астам уақыт бұрын құрылған халықаралық спорт федерациясы. Ол Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің теңқұрушысы әрі паралимпиадалық қозғалыстың ресми мүшесі болып табылады. Бүгінде Virtus құрамында 100-ден астам ел мен 7 000-нан аса спортшы бар. Жоғары жетістікті спорт аясында интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшыларға арналған үш спорт түрі – жүзу, жеңіл атлетика және үстел теннисі – Паралимпиада ойындарының ресми бағдарламасына енген.
Қазақстанның ұзақ мерзімді мақсаттары
IDSPORT Kazakhstan интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спортты жүйелі түрде дамытып, спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындауда:
• 2025 жылғы желтоқсан – Дубайда өтетін жасөспірімдер Параазия ойындарындағы дебют;
• 2026 жыл – Нагоядағы Параазия ойындарына қатысу;
• 2028 жыл – Лос-Анджелестегі Паралимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі.
Дина Темірғалиеваның Virtus басқарма құрамына тағайындалуы – Қазақстанның инклюзивті спортты дамытудағы еңбегін мойындау әрі Орталық Азияның халықаралық паралимпиадалық қозғалыстағы рөлін нығайтуға жасалған маңызды қадам.