Қазақстанда зейнетақы қанша теңгеге өседі?

0

 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі базалық зейнетақы, ынтымақтық зейнетақы төлемдері және өзге де көрсеткіштер 10%-ға ұлғайтылмақ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Қаржы министрлігі «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын жариялады. Онда айыппұлдар, өзге де бюджетке төлемдер, жәрдемақылар мен зейнетақылар көлеміне ықпал ететін есептік көрсеткіштер белгіленген.

Базалық зейнетақы қалай өзгереді?

2025 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі базалық зейнетақы төлемі күнкөріс минимумының (КМ) 70%-ына тең.

2026 жылы КМ 10%-ға өсіп, 46 228 теңгеден 50 851 теңгеге жетпек. Соған сәйкес ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңгеден 35 596 теңгеге ұлғаяды.

Естеріңізге сала кетсек, ең төменгі базалық зейнетақыны еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе мүлде жоқ қазақстандықтар алады. Әр артық жыл үшін төлемге тағы 2% қосылады.

2025 жылы базалық зейнетақының ең жоғарғы шегі КМ-нің 110%-ына тең болды – яғни 50 851 теңге. Ал 2026 жылы бұл шек 118% КМ құрайды, яғни шамамен 60 004 теңге.

Ынтымақтық зейнетақы қалай өзгереді?

1998 жылға дейін еңбек өтілі бар қазақстандықтар ынтымақтық (жасына байланысты) зейнетақы алады. Ол толық көлемде әйелдер үшін – 20 жыл, ерлер үшін – 25 жыл еңбек өтілі болған жағдайда төленеді.

2026 жылы толық көлемдегі ең төменгі ынтымақтық зейнетақы да 10%-ға артып, 62 771 теңгеден 69 049 теңгеге жетпек.
Сол сияқты барлық тағайындалған жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақылар да 10%-ға өседі.

Айта кетейік, КМ мен базалық зейнетақы әдетте болжамды инфляция деңгейіне сәйкес өседі, ал ынтымақтық зейнетақылар – инфляция + 2% деңгейінде.

Мәселен, 2025 жылы КМ мен базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақтық төлемдер 8,5%-ға артты. Бірақ 2026 жылға барлық көрсеткіштерге бірдей 10% өсім жоспарланған.

Жинақтаушы зейнетақы қалай өзгереді?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинақтары бар зейнеткерлер одан да төлем ала алады. Олардың ең төменгі мөлшері де КМ-нің 70%-ына тең.

Осыған сәйкес, бұл төлемдер де 2026 жылы 32 360 теңгеден 35 596 теңгеге дейін өседі.

Келесі жылы Қазақстандағы барлық зейнеткерлердің төлемдері шамамен 10%-ға ұлғаяды.


ПІКІР ЖАЗУ