Кімнің жәрдемақысы қысқармайтын болды? – министр жауап берді

0

 Мәжіліс кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова кімнің жәрдемақысы қысқармайтынын түсіндірді деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі таңда елімізде түрлі санаттағы азаматтарға 117 түрлі жәрдемақы төленеді. Бұл – аймақтар арасындағы қаржылық теңсіздікке себеп болып отыр. Осыған байланысты министрлік барлық өңір үшін бірыңғай стандарт енгізуді көздеп отыр.

Бүгінде әр өңірдің қаржылық мүмкіндігі әртүрлі. Президент өз Жолдауында «ақша адамның артынан жүруі керек» деп нақты айтты. Біз осы қағиданы басшылыққа ала отырып, жергілікті деңгейде төленетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіруді көздеп отырмыз, — деді министр.

Светлана Жақыпова осы орайда республикалық бюджет есебінен берілетін жәрдемақылар бойынша алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл төлемдер қысқартылмайды және өзгермейді.

Менің осы мүмкіндікті пайдаланып, республикалық бюджеттен түрлі заңнама негізінде жәрдемақы алып отырған азаматтарға айтарым: бұл төлемдер сақталады. Зейнетақы, мүгедектік жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға арналған әлеуметтік төлемдер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен Батыр аналарға, көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар өзгеріссіз қалады, — деді министр.

Оның айтуынша, бұл шаралар Конституциялық және әлеуметтік кепілдіктерден бас тарту емес, керісінше – жүйені әділ әрі тиімді етуге бағытталған қадам.

Біз тек жергілікті бюджеттен төленетін жәрдемақыларды бір стандартқа келтіру арқылы өңірлік теңсіздікті азайтқымыз келеді, — деп түйіндеді Светлана Жақыпова.


ПІКІР ЖАЗУ