2026 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі өсе ме?

0

 Жұмыс істеп, ай сайын зейнетақы қорына ақша аударатын әрбір қазақстандықты жинақтағы қаражатқа қатысты ақпараттар қызықтыратыны анық. BAQ.KZ редакциясы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» көптің көкейінде жүрген сауалдың бірін қойып, ресми сауал жолдаған болатын.

Ресми сауалда: «2026 жылдан бастап БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі өсе ме?» деген сұрақ қойылды.

ТЖШ дегеніміз не?

«БЖЗҚ» ұсынған жауапқа сүйенсек, төменгі жеткіліктілік шегі – бұл азаматтың зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақыдан кем емес көлемде ай сайынғы төлем алуы үшін шотында қалуға тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері.

Ол бірнеше көрсеткішке сүйене отырып есептеледі:

әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер;

болашақ зейнетақы жарналарының болжамы (ең төменгі жалақы мөлшерінен есептеледі);

инвестициялық кірістілік деңгейі.

Басқаша айтқанда, ТЖШ – салымшының «зейнетақы төлемін ең төменгі деңгейден төмен алмайтындай» шекті сомасы.

Қалай есептеледі?

ТЖШ мөлшері ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №521 қаулысымен бекітілген арнайы әдістеме негізінде айқындалады.

Бұл әдістеме:

  • ең төменгі жалақы,
  • ең төменгі зейнетақы,
  • күнкөріс деңгейі,
  • инфляция,
  • инвестициялық табыс секілді факторларды ескереді.

2026 жылдан бастап өсім күтіле ме?

Ресми жауапқа сәйкес, 2024 және 2025 жылдары жеткіліктілік шегі өзгеріссіз сақталды. Алайда 2026 жылдан бастап әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің артуына байланысты оның өсу ықтималдығы жоғары.

Ең төменгі жеткіліктілік шегі — бұл салымшының зейнет жасына жеткенде зейнетақы төлемдерін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес (ең төменгі базалық зейнетақы төлемі есебімен) алуы үшін шотта қалуы тиіс ең төменгі көрсеткіш. ТЖШ есептеу Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) (ҚР Үкіметінің 30.06.2023ж. №521 қаулысымен (бұдан әрі – №521 қаулы) бекітілген) сәйкес жүргізіледі, — деп атап өтті «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры».

Мәселен, ең төменгі жалақының көтерілуі, күнкөріс деңгейінің артуы және инфляцияның әсері әдістеме арқылы автоматты түрде ТЖШ есептеу формуласына енгізіледі. Сол себепті алдағы жылдары көрсеткішті қайта қарау әбден мүмкін.

2026 жылдан бастап БЖЗҚ-дағы ең төменгі жеткіліктілік шегінің өсуі ықтимал. Бұл, ең алдымен, халықтың ең төменгі зейнетақыдан кем емес табыс алуын қамтамасыз етуге, яғни азаматтардың қартайған шағындағы қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.


ПІКІР ЖАЗУ