Тоқаевтың АҚШ-қа сапары дипломатия мен стратегияның түйісуі – сарапшы

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21-23 қыркүйек күндері Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барады. Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысып, бірқатар мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөз жүргізеді.Бұл сапардың маңыздылы қандай болмақ, сарапшының пікірін білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, бұл сапар көпжақты дипломатияның көрінісі әрі нақты практикалық мазмұнға да ие болуы мүмкін.

Жуырда Азияға жасаған әсерлі сапарынан кейін, Астанада әлемдік діндер құрылтайына төрағалық жасаған Тоқаев Америкада көпполярлы әлем идеясын көтеріп, БҰҰ реформасын қолдау туралы іргелі ойларын ұсынбақ. Президент Қауіпсіздік Кеңесін неғұрлым өкілді әрі тиімді ету мәселесін көтереді деп күтемін. Демек, көпжақтылық, көпполярлы әлем Тоқаевтың негізгі үндеуі болуы мүмкін. Сонымен қатар, тұрақты даму, климаттың өзгеруі және бейбітшілік тақырыптары Тоқаевтың халықаралық мінбердегі үндеуіне тұздық болуы мүмкін. Алматыдағы Ауғанстан өңірлік хабы Қазақстанның осы бағыттағы бастамашыл рөлін тағы бір мәрте көрсетеді. Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, өзін Еуразиядағы дәнекер мемлекет ретінде көрсетуге, сонымен бірге модернизация мен көпвекторлы сыртқы саясатты қолдайтын нақты келісімдерге қол жеткізуге ұмтылады. Сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту тәжірибесін бейбітшілік пен қарусыздануды насихаттаудың негізі ретінде атап өтеді,-дейді Жанат Момынқұлов.

АҚШ еліміздің экономикасына 62 млрд доллардан аса тікелей инвестиция салған ірі инвестор. Президенттің бұл жұмыс сапарында да екі ел арасындағы инвестиция, экономикалық қарым-қатынастағы әріптестік мәселелері күн тәртібінің негізгі бөлігі болады.

Қазақстан американ капиталын энергетикаға, инфрақұрылым мен цифрлық жобаларға тартуға мүдделі. Сондай-ақ жаһандық «жасыл» технологиялар үшін аса қажет стратегиялық минералдарды өндіру мен қайта өңдеуде әріптестік орнатуға мүдделі. Алайда, АҚШ-тың қазақстандық экспортқа енгізген 25%-дық тарифтері келіссөздердегі өткір мәселе болуы ықтимал. Бұл кедергілерді жеңілдету немесе жеңілдіктерге қол жеткізу туралы келіссөздер күтіледі,-дейді сарапшы.

Жанат Момынқұловтың айтуынша, қауіпсіздік тақырыбы да назардан тыс қалмайды. Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылық, Ауғанстандағы жағдай, терроризмге қарсы іс-қимыл, аймақтық қақтығыстардың әсерлері мен тұрақтылық мәселелері талқыланады.

Қазақстанның тұрақты, сенімді серіктес ретінде бейбіт саясаты мен ядролық қарусыздану тәжірибесі де назарда болады. АҚШ үшін де Қазақстанның Ресей мен Қытай арасындағы арақатынасты қалай теңгеретіні және сенімді транзит пен жеткізу тізбектерін қамтамасыз ету мүмкіндіктері қызықтырады,-дейді ол.

Қазақстан Транскаспий бағытында «Орта дәлізді» дамыту арқылы Азияны Еуропамен байланыстырып, жолдарды әртараптандыруға мүдделі. Бұл жоба еліміздің геоэкономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, АҚШ пен Батыс елдері үшін де стратегиялық мәнге ие.

Орта дәліз – тек экономикалық жоба емес, ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы сенімді серіктестікті күшейтетін, Еуразиядағы тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ететін стратегиялық көпір. Ол жаһандық логистиканы әртараптандырады. Инфрақұрылым мен цифрлық байланыс саласына инвестициялар сапардың нақты нәтижесі болуы мүмкін,-дейді сарапшы.

Мемлекет басшысының бұл жұмыс сапарында климат пен энергетика – сапардың тағы бір ірі бағыты болуы мүмкін.

Қазақстан жасыл трансформацияны ілгерілетіп, жаңартылатын энергетика, таза сутек, тіпті бейбіт атом энергетикасы жобалары күн тәртібінде бар. Батыс үшін таза технологиялар үшін қажетті стратегиялық минералдардың сенімді көзін табу маңызды. АҚШ үшін бұл саладағы ынтымақтастық, әсіресе стратегиялық минералдар мен таза технологиялар тізбегі тұрғысынан үлкен қызығушылық тудырады. Сондықтан бұл жерде ортақ мүдде бар. Осы технологиялық әріптестік саласында меморандумдар мен жаңа келісімдер жариялануы керек,-дейді ол.

Жанат Момынқұловтың айтуынша,Тоқаевтың сапары үш негізгі нәтиже беруі ықтимал. Біріншіден, Қазақстанның жаһандық істердегі сындарлы серіктес ретіндегі мәртебесі мойындалады.

Екіншіден, сауда мен инвестиция саласында нақты ілгерілеу байқалуы мүмкін, әсіресе стратегиялық минералдар, жасыл энергетика және логистикада ілгерілеу болуы мүмкін.

Үшіншіден, Қазақстан көпжақты дипломатиядағы белсенді рөлі күшейіп, жаһандық тұрақсыздық жағдайында байсалды әрі рационалды ұстанымымен ерекшеленеді. Яғни сапар дипломатия, экономика және стратегия тоғысындағы кешенді сипатқа ие болады деп күтіледі.

Осылайша президенттің АҚШ-қа сапары тек ресми хаттамалық шаралар ғана емес, Қазақстанның көпвекторлы саясатының жаңа қырларын айқындайтын маңызды дипломатиялық кезеңге айналу әлеуетіне ие болмақ.


ПІКІР ЖАЗУ