Қазақстанда жүргізуші куәлігі кімдерге берілмейді

2025 жылғы тамызда Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында үш баланың өмірін қиған қайғылы жағдай болды. Ауылдастарының сөзінше, көлікті басқарған 55 жастағы жергілікті тұрғынның эпилепсия мен жүректің ауыр дертіне шалдыққан. Автомобиль жолдан шығып кетіп, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қағып кеткен оқиға көпшілікті дүр сілкіндірді. Бұл оқиға ауыр диагнозы бар адамдардың жүргізуші куәлігін қалай алып жүргені жөнінде қоғамда сұрақ туғызды. Осыған байланысты BAQ.KZ редакциясы түсініктеме алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне жүгінді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүргізуші куәлігін алу үшін берілетін медициналық анықтамаға бақылауды Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүзеге асырады.
Егер жеке немесе заңды тұлғалардан дәлелді шағым түскен жағдайда медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексеріс жүргізілуі мүмкін. Мұндай тексерістер ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика комитетінде тіркеледі, – деді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ ведомство жүргізуші куәлігін алу үшін берілетін (073/у нысаны) медициналық анықтама тек электронды форматта берілетінін еске салды:
073/у нысанындағы медициналық анықтама дәрігердің электронды цифрлық қолтаңбасымен медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі қызмет алушының «Жеке кабинетіне» электронды құжат түрінде жолданады, – делінген ресми хабарламада.
Алайда министрлік Қазақстанда жүргізушілердің қауіпті дерттерін жасыру фактілері бойынша статистика жүргізілмейтінін атап өтті. Соңғы үш жылда заңсыз анықтама беру дерегі бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне ешқандай шағым түспеген.
Сонымен қоса, Денсаулық сақтау министрлігі жүргізуші куәлігін алуға үзілді-кесілді тыйым салынатын қарсы көрсетілімдерді атады, олар:
- созылмалы және ұзаққа созылатын көріністері бар психикалық бұзылыстар;
- психоактивті заттарды қолдану (ремиссиясы 2 жылдан аз болса);
- эпилепсия;
- ахроматопсия (түсті ажырата алмау);
- екі көздің бірдей соқырлығы.
Одан бөлек, анықтама берудегі заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік жүктеледі:
Анықталған заңбұзушылықтар үшін медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне және Қылмыстық кодексіне сәйкес тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деп нақтылады ведомстводан.
ІІМ жауабы: көлік айдау құқығын тоқтатуды сот шешеді
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге қойылатын медициналық талаптар «Жол қозғалысы туралы» заңымен реттелетінін түсіндірді.
Заңның 12-бабына сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық тексеру ережелерін бекітеді және қарсы көрсетілімдер тізімін анықтайды.
Ішкі істер министрлігі қазір емтихан қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатпағанын нақтылады. Бүгінгі күні жүргізуші куәлігін алуға үміткер төрт құжат тапсыруға міндетті:
- жеке куәлік (немесе цифрлық құжаттағы нұсқасы);
- медициналық анықтама;
- мемлекеттік баж төлемі туралы түбіртек;
- курсты бітіргені жөніндегі куәлік.
Заңның 8-бабына сәйкес, жүргізушіні мерзімінен бұрын қайта медициналық тексеріске жіберу мүмкіндігі бар. Оны мына тараптар талап ете алады:
- уәкілетті орган немесе жұмыс беруші – егер жүргізушіде қауіпті аурудың белгілері байқалса;
- денсаулық сақтау ұйымы – егер тексеріс кезінде дерт анықталса.
Ал көлік жүргізу құқығынан айыру тәртібі заңмен нақты белгіленген.
Заңның 75-бап 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіз болып табылатын жағдай – жүргізушінің көлік құралын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін денсаулығының нашарлауы және бұл медициналық қорытындымен расталуы. Мұндай жағдайда көлік басқару құқығын тоқтату уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) талап-арызы бойынша сот шешімімен жүзеге асырылады, – деп түсіндірді ІІМ.
Талдау: заң бар, бірақ бақылау әлсіз
Осылайша, қолданыстағы Қазақстан заңнамасында жүргізуші куәлігін беруге қарсы көрсетілімдер тізімі де, денсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізу құқығынан айыру механизмі де қарастырылған. Бірақ тәжірибеде бұл жүйенің тиімділігі көбіне адами факторға тәуелді:
- дәрігерлер дерті бар науқасты дер кезінде анықтап, ақпаратты базаға енгізуі керек;
- жұмыс беруші немесе мемлекеттік орган ауру белгілеріне әрекет етуі тиіс;
- уәкілетті орган сот арқылы мәселені шешуі қажет.
Бұл тізбектің бір буыны жұмыс істемесе, қауіпті диагнозы бар адамдар әлі де көлік айдауды жалғастыра береді.
Үржардағы қайғылы жағдай жүйенің әлсіз тұсын – жүргізушілердің денсаулығын тұрақты бақылаудың жоқтығын көрсетті. Жасырын диагноздар бойынша статистика жүргізілмейді, тек шағым түскенде ғана жоспардан тыс тексеріс жасалады, ал құқықтан айыру тек сот арқылы іске асады.
Әрі қарай не істеу керек?
Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі дәйекті тетіктерді алға тартып отыр. Алайда қоғам жаңа шешімдерді талап етуде. Сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тек электронды анықтама мен ресми көрсеткіштер тізімі жеткіліксіз.
Бүгінгі таңда Қазақстанда міндетті түрде егде жастағы жүргізушілерге кезеңдік медициналық тексеріс енгізу, созылмалы ауруларды жүйелі бақылау қажет. Әйтпесе, мұндай қайғылы оқиғалар қайталануы әбден мүмкін.