Мұғалім мен оқушыны қолдауға арналған жоба іске қосылды

0

 Оқу-ағарту министрлігі дарынды оқушылар мен мұғалімдерді қолдауға арналған жаңа жоба – SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа жүйе олимпиадалар мен конкурстарды тіркеуден бастап қорытынды нәтижелерге дейінгі барлық кезеңді автоматтандырады. Платформаның басты артықшылығы – прокторинг жүйесі арқылы онлайн форматта әділ және ашық интеллектуалдық сайыстар өткізу мүмкіндігі, — дейді комитет басшысы.

SMART Daryn қатысушыларға:

  • тәжірибелі жаттықтырушылардан кеңес алу,
  • онлайн оқыту арқылы білімін жетілдіру,
  • зияткерлік жарыстарға сапалы дайындалу сияқты жаңа мүмкіндіктер береді.

Жоба оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашуға, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қолдау дарынды балалардың қабілетін ерте анықтап, олардың білім алу жолын тиімді құруға жол ашады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтырғы оқу жылында оқушылар 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль жеңіп алған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам біржолғы сыйақы берілді.


ПІКІР ЖАЗУ