“Қазақстанды түбегейлі өзгертеді”: ЕО сарапшысы ЖИ туралы заңға жоғары баға берді

Мәжілістегі Парламенттік тыңдалымда Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы Хенрик фон Шейл Қазақстанның цифрландыру саласындағы қадамдарын жоғары бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол “Жасанды интеллект туралы” қабылданған заңды азаматтар мен мемлекетті қорғауға бағытталған алғашқы қадам деп атап өтті.
Еуропада жасанды интеллект саласындағы заңнамалар авторларының бірі саналатын Хенрик фон Шейл соңғы жылдары Қазақстан экономика саласында айтарлықтай жетістікке жетіп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстарды нығайтқанын атап өтті.
Бұл – мақтануға тұрарлық жағдай. Алдағы он жылда жасанды интеллект Қазақстанды түбегейлі өзгертеді. Сіздердің осы салаға қазірден бастап ерекше көңіл бөліп жатқандарыңыз өте құптарлық. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ЖИ заңнамаларын зерттей келе, Қазақстан тәжірибесі мені таңғалдырғанын айта аламын. Себебі сіздер Еуропалық Одақтың ең озық тәжірибесін қолдана отырып, тәуекелдерді бағалай алдыңыздар. Нарықтың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету жолдарын ойластырдыңыздар және ең бастысы – адам құқықтарын қорғауды басты назарға қойдыңыздар, – деді сарапшы.