Қазақ халқының ұлттық киімдері

0

Қазақ халқының ұлттық киімдері – ұлттың тұрмыс-тіршілігін, эстетикалық талғамын, дүниетанымын және әлеуметтік мәртебесін айқындайтын мәдени мұрасының асыл қазынасы. Киім – тек күнделікті қажеттілік қана емес, ол халықтың тарихы мен өнерінің, салт-дәстүрі мен наным-сенімінің айнасы. Әсіресе, қазақ халқының ұлттық киімдері өзінің көркемдік шешімімен, қолөнердің сан алуан түрлерін тоғыстыруымен, табиғи шикізатты тиімді пайдалануы арқылы ерекшеленеді.

Қазақ ұлттық киімдерінің тарихы мен ерекшеліктері

Көшпелі өмір салтына бейімделген қазақтың киім үлгілері көбіне мал шаруашылығына негізделген. Жүн, тері, былғары, киіз, түбіт, аң терісі, жібек және мақта маталары негізгі шикізат болған. Әсіресе, қой жүні мен түйе жүнінен тоқылған маталар, сиыр мен жылқы терісінен жасалған киімдер көшпенді тұрмысқа сай мықтылығымен ерекшеленді.

Қазақ киімдері бірнеше топқа бөлінеді: күнделікті киім, сәндік-әшекейлік киім, салт-жоралғыға арналған киім және әскери киім үлгілері. Әйелдер киімдері нәзіктігімен, әшекейлі ою-өрнектерімен көзге түссе, ерлердің киімі қарапайымдылығы мен ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Балалар киімі де өзіндік мәнге ие болған, оған көбіне тұмарша тағылып, қорғаушы рәміздер енгізілген.

Әйелдердің ұлттық киімдерінің ішіндегі ең көрнектісі – сәукеле. Сәукеле – ұзатылатын қыздың басты киімі әрі қазақ сән өнерінің биік шыңы. Оған қымбат тастар, алтын-күміс әшекейлер, үкі тағылып, қыздың әлеуметтік мәртебесі мен ата-анасының дәулетін білдірген. Ерлердің салтанатты киімдеріне тақия, бөрік, тымақ, шапан, ішік жатады. Әсіресе, алтын зермен әдіптелген шапандар қазақтың мәртебелі тұлғаларына тән болған.

Киім үлгілеріндегі көркемдік дәстүр

Қазақ киімдеріндегі ою-өрнек – халқымыздың дүниетанымынан туған көркем тіл. Киімге түскен әрбір ою белгілі бір мағынаға ие. Мәселен, «қошқармүйіз» өрнегі – молшылық пен берекенің белгісі болса, «түйетабан», «сыңарөкше» өрнектері тұрмыс пен табиғатты бейнелеген.

Әшекей бұйымдар да киімнің ажырамас бөлігі. Күмістен жасалған білезік, жүзік, сырға, өңіржиек, шашбау тек сән үшін емес, наным-сенім тұрғысынан да қорғаныш қызметін атқарған.

Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығындағы ұлттық киім үлгілері

Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы қорында қазақ халқының ұлттық киімдері мен қолөнер туындыларының бірқатар құнды үлгілері сақталған. Музей экспозициясында қазақтың дәстүрлі шапандары, камзолдары, тақиялары, сондай-ақ тұрмыстық қолданыста болған киізден жасалған бас киімдер мен кестеленген бұйымдар ерекше орын алады. Әсіресе, XIX–XX ғасырдың басына тән зерлі шапандар, қыздардың кестелі камзолдары, түрлі өрнекпен көмкерілген белдіктер мен сәукелелер музейдің асыл қазынасы саналады. Бұл жәдігерлер халық шеберлерінің қолөнерін, матаны өңдеу, жүнді бояу, зергерлік әшекей бұйымдарды киімге үйлестіру шеберлігін айқын көрсетеді. Сонымен қатар музей қорындағы әрбір бұйым тек сәндік үлгі ғана емес, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жайлы мол мағлұмат беретін дерек көзі болып табылады.

Мысалы, музейде сақталған барқыттан тігілген камзолға күміс түймелер тағылып, қызыл жіппен кестеленген өрнектер сәндік мәнімен қатар, иесінің әлеуметтік жағдайын айқындайды. Сондай-ақ, зерлі шапандардың иық бөлігіндегі өрнектер мен жиектеріндегі алтын жіппен жүргізілген әшекейлер қазақ өнерінің биік талғамын паш етеді.

Ұлттық киімдердің тәрбиелік және мәдени мәні

Қазақ халқының ұлттық киімдері – ұлт руханиятының бір бөлігі. Ол жастарды ұлттық болмысқа, әсемдікке, өнерге баулиды. Әрбір киім үлгісі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, тарихтың алтын көпірі қызметін атқарып келеді.

Бүгінде ұлттық киімдер тек музей экспозицияларында ғана емес, сән әлемінде, театр сахнасында, мерекелік шараларда қайта жаңғырып, халықпен қайта табысуда. Ұлттық киімнің заманауи үлгілері қазіргі жастардың талғамына сай бейімделіп, ұлттық нақыш пен әлемдік сән үрдісін үйлестіріп отыр.

Қазақ халқының ұлттық киімдері – халқымыздың тарихынан сыр шертетін рухани мұра. Олар эстетикалық талғамды қалыптастырып қана қоймай, халықтың дүниетанымын, тұрмыс-салтын, әлеуметтік құрылымын да айқын бейнелейді. Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында сақталған ұлттық киім үлгілері – халқымыздың қолөнерін, мәдениетін, ұлттық кодын айғақтайтын баға жетпес жәдігерлер.

Ұлттық киімді дәріптеу – өткен тарихты құрметтеу, болашаққа бағыт беру. Себебі ұлттық киім – қазақ халқының болмысын айқындайтын айна, мәңгілік мұра.

 

Науанова Ақмарал
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы РМҚК-ның таныстырушысы.


ПІКІР ЖАЗУ