Жолаушылар шағымы көбейген: Астана мен Алматы әуежайлары тексеріледі

Қазақстанда Астана және Алматы әуежайларында рейстердің уақытылы орындалуы мен әуе жолаушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Соңғы уақытта рейстердің кешігуі мен қызмет көрсету сапасына байланысты шағымдар көбейіп, бұл мәселе Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Кездесуде әуе компаниялары мен әуежайлар өкілдері рейстердің кешігуі, ұшақтардың ауыстырылуы, ұзын-сонар кезектер және қызметкерлердің дөрекі әрекеттері сияқты мәселелерді бірлесе қарастырды.
Ерекше назар рейстердің орындалу тәртібін күшейтуге, әсіресе қыс маусымы алдында ұшулардың уақытылы болуын қамтамасыз етуге аударылды. Сондай-ақ жолаушылардың, соның ішінде эконом-класс өкілдерінің құқығын бұзатын ұшақ ауыстыру тәжірибесіне тыйым салу туралы тапсырма берілді. Вице-министр әрбір әуе компаниясы өз флотында резервтік ұшақтар қарастыруы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Fly Arystan компаниясында онлайн тіркеу ұшуға дейін 30 күн бұрын ашылатыны, ал әуежайдағы тіркеу ақылы екені айтылды. Бұл жағдай қарт және қозғалысы шектеулі жолаушыларға қолайсыздық тудырып отыр. Осы топтағы азаматтарға қолдау көрсету үшін министрлік арнайы шаралар әзірлемек.
Алдағы екі апта ішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі инспекторлары әуежайлар мен әуе компаниялардың қызметін тексеріп, рейстердің кешігуін бақылап, жолаушылардан сауалнама алады.