Алматының күзгі сынағы: Көлік кептелісі мен автобус тапшылығы қалай шешіледі

Күз келіп, жаңа оқу жылы басталған сайын Алматының тұрғындары үшін таңғы және кешкі қозғалыс қайтадан үлкен сынаққа айналды. Күн суытқан соң жаяу жүру немесе самокатпен жүру мүмкін болмайды, ал қаладағы автобус тапшылығы мен көлік кептелісі бұрынғыдан да күрделі сипат алып отыр. Әрбір тоқсан сайын шешім іздейтін бұл мәселе неге жыл сайын қайталана береді? Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.
Қала қозғалысы қайта тұралап тұр
Қыркүйектің басынан бастап Алматы көшелерінде кептеліс бұрынғыдан да ұзарды. Таңғы уақытта мектепке баратын оқушылар, жұмысқа асыққан қызметкерлер мен жеке көлік иелері бір мезетте көшеге шығатындықтан, қозғалыс жылдамдығы сағатына 10–15 км-ге дейін төмендеп, көшелердегі кептеліс 9-10 баллға жетеді.
Тұрғындардың айтуынша, қоғамдық көлік жетіспеушілігі – жағдайды ушықтыратын негізгі фактор.
Таңертең автобус күтіп 20-30 минут тұрамыз. Кейде мүлдем келмейді. Келгеннің өзі лық толы, кіре алмай қаласың. Такси бағасы әлбетте, ұшып тұрады, – дейді қала тұрғыны Айнұр Сейтова.
Жүргізушілер тапшылығы мен жол мәдениеті мәселесі
Алматыдағы қозғалыс мәдениеті де бөлек әңгіме. Жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы, автобустардың аялдамада ұзақ тұруы және қоғамдық көлік жүргізушілерінің дөрекі мінезі – тұрғындардың жиі шағымданатын мәселесі.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол қозғалысын бұзу деректері көбіне таңғы және кешкі сағаттарда тіркеледі. Бұл кезде қоғамдық көлік жүргізушілері де, жеке көлік иелері де уақыт үнемдеу үшін ережені елемейді.
Көптеген жүргізушілер маневр кезінде жолақ ауыстыру ережесін сақтамайды. Бұл кептелісті күшейтіп, апат қаупін арттырады. Біз камералар арқылы бақылауды күшейттік, бірақ мәдениет деңгейі де маңызды, – дейді құзырлы орган қызметкерлері.
Ал қаладағы автобус парктерінде “Д” санатты жүргізушлер тапшы.
Алматы әкімдігі бұл мәселенің шешімін іздеп жатқанын айтады.
Биыл Алматы автобус тапшылығын шешу үшін Алматы қаласының әкімдігі 600 автобус сатып алуды жоспарлады. Бүгінгі таңда келісімшарттарға қол қойылып, автобустардың қалаға жеткізілуі күтілуде. Өз кезегінде барлық маршруттарда жүргізуші саны жеткілікті, сондықтан жүргізушілер әр автобус паркінің қажеттілігіне қарай жұмысқа қабылдануда, – деді Алматы әкімдігінде.
Алайда сарапшылардың пікірінше, автобустарды көбейту мәселені уақытша ғана жеңілдетеді. Қалада жолаушылар ағыны жылдан жылға артып келеді, ал көлік инфрақұрылымы сол қалпы.
Сарапшылар не дейді?
Қалалық урбанист Айдар Есенов Алматыдағы көлік дағдарысы тек автобус жетіспеушілігінен емес, жоспарлау мен жүйесіздіктен туындап отырғанын айтады.
Біз жыл сайын автобус санын көбейтеміз, бірақ көлік жүйесі сол қалпында қалады. Қалада қоғамдық көлік жолақтары жиі басқа көліктермен толып кетеді, бағдаршам жұмысы үйлеспейді, аялдамалар ыңғайсыз орналасқан. Мұның бәрі қозғалыс тиімділігін төмендетеді, – дейді урбанист Айдар Есенов.
Сарапшының айтуынша, қалада көлік мәдениеті мен инфрақұрылымды қатар дамыту қажет:
• жеке көлікке емес, қоғамдық көлікке басымдық беру,
• жолайрықтарды оңтайландыру және бағдаршамдарды қайта баптау,
• аялдамаларды ыңғайлы әрі қауіпсіз ету,
• жаяу және микромобильділік инфрақұрылымын (самокат, велосипед) дамыту.
Тұрғындардың үміті – жүйелі өзгерістерде
Көпшілік үшін басты мәселе – күнделікті жол азабы. Кептелісте сағаттап тұрып, автобус күтіп шаршаған тұрғындар жаңа автобустар мен жол реформасынан нақты нәтиже күтеді.
Бізге уақытша емес, тұрақты шешім керек. Әр күз сайын бір сценарий қайталана береді. Қалада қанша автобус қосылса да, қозғалыс мәдениеті мен жоспарлау өзгермесе – нәтиже болмайды, – дейді алматылық Нұрлан Ахметов.
Қала үшін басты сынақ – тұрғындардың сенімін ақтап, әр күз сайын қайталанатын қозғалыс дағдарысын тұрақты шешімге айналдыру.